АҚШ президенті Барак Обама сәрсенбі күні Конгрестен "Ислам мемлекеті" содырлар ұйымына қарсы күш қолдануға рұқсат сұрады. Конгреске жолдаған резолюциясында Ақ Үй алдағы үш жыл ішінде географиялық ауқымы шектелмеген, "күтпеген жағдайға арналған", бірақ негізінен ИМ-ге қарсы тиісті әскери күш қолдану құзыретін сұрайды.
Бұл құзырет бойынша АҚШ қандай да бір жаяу әскер операциясын жүргізуді көздеп отырған жоқ.
"Бүгін табыс еткен резолюция АҚШ жаяу әскерін Ирак пен Сириядағы ұрыс қимылдарына тартуға шақырмайды. Бұл Ауғанстан мен Ирактағы сияқты соғысқа рұқсат сұрау емес" деді Барак Обама.
Осы жолғы резолюция 11 қыркүйек шабуылынан соң іле-шала қабылданған 2001 жылғы емес, Ирак соғысына дейін қабылданған 2002 жылғы нұсқаны алмастырады.
АҚШ бастаған халықаралық әскери коалицияның әуе күштері ИМ-нің позицияларына былтырғы тамыздан бері Иракта және қыркүйектен бері Сирияда жалпы саны 2300 мәрте соққы жасаған.