Мемлекеттік органдар мен мекемелерге жұмсалатын шығынды тоғыз пайызға, яғни 103 миллиард теңгеге азайту жоспарланып отыр. Бұл жайында бүгін мәжілісте қаржы министрі Бақыт Сұлтанов "2015-2017 жылдардың республикалық бюджеті туралы" заңға түзетулер енгізу жобасын таныстыру кезінде айтты.
Сұлтановтың сөзінше, ең көп мөлшердегі қаражат - 40 миллиард теңге ішкі істер министрлігінен қысқарту жоспарда бар. Қаржы министрлігінен 3,5 миллиард, білім және ғылым министрлігінен 2,3 миллиард, әділет министрлігінен 1,5 миллиард теңге азайтылмақ.
Бүгін Астанада ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев биыл республика бюджеті шығындары 610,7 миллиард теңгеге қысқаратынын мәлімдеген.
Ақпанның 11-інде үкіметтің кеңейтілген жиынында президент Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан "сыртқы факторлардың" әсерінен қатаң үнемдеуге көшіп, бюджет шығындарын азайтуы қажет деген.