Мәскеуде бүгін «Антимайдан» қозғалысының шеруі өтті. Украинаның бұрынғы президенті Виктор Януковичті биліктен тайдырған Киевтегі наразылықтарға бір жыл толуына орай өткізілген жиынға 50 мыңға жуық адам қатысты дейді ұйымдастырушылар. Ішкі істер министрлігі сенбі күнгі жиынға 35 мыңдай адам қатысқан дейді.
Шеруге қатысушылар Ресейде «қызғылт-сары төңкеріске» жол бермеуге шақырған. Бұл жиынға «Новороссия» деп аталатын «парламент» жетекшісі Олег Царев те қатысқан. Ресейлік «Коммерсантъ» газетінің тілшісі Григорий Туманов белгісіз ұйым өкілдері шеруге қатысушыларға 300 рубльден ақша таратып жүргені туралы Twitter әлеуметтік желісінде жазды. Журналистің сөзінше, бір жерде әлгіндей ақша алуға кезекте тұрғандардың саны 200 адамнан асқан.
«Антимайдан» қозғалысын 2015 жылы қаңтарда «Боевое братство» («Әскери бауырластық») ардагерлер ұйымы және «Ночные волки» («Түнгі қасқырлар») байкерлер клубы құрған.
Осының қарсаңында Мәскеуде бұдан бір жыл бұрын Киевтің орталығында наразылық шеруін күшпен тарату кезінде қаза болған жүзден аса адамды еске алу акциясы өткен. Шара кезінде бірнеше адам ұсталып, бес адам түнімен полиция бөлімшесінде отырып шыққан. Ұсталғандарға әкімшілік құқық бұзушылық фактісі туралы хаттамалар толтырылған.