Қарағандылық заңгер, түрмеде отырған Евгений Танковтың жаза мерзімі жарты жылға кемітілді деп хабарлады Азаттыққа оның адвокаты Геннадий Озоровский. Оның сөзінше, жаза мерзімін азайту туралы шешімді сот түрме әкімшілігінің талап-арызы бойынша шығарған.
- Заң бойынша, өтелмеген жаза мерзімі егер кейбір шарттар орындалса жазаның жеңіл түріне өзгертіледі. Танков оларды орындаған. Ол өзі жатқан түрменің арнайы бөлімінен өзіне тағайындалған жаза мерзімін азайтуға болатын, я болмайтынын анықтауды талап еткен. Себебі оған әуелде заңда талап етілгеннен көп мерзім кесілен. Түрменің арнайы бөлімі сотқа арыз жазып, сот бірнеше күн бұрын Танковтың жаза мерзімін жарты жылға азайтуға шешім шығарған, - деді Геннадий Озоровский Азаттыққа.
Евгений Танков енді сот шешімінен соң түрмеде бір жыл үш ай отырады. Өткен айда Қарағанды сотының апелляциялық алқасы Танковтың жазасының өтелмеген бөлігін жеңілдетуді сұраған өтінішін қанағаттандырмай тастаған. Бұдан соң Танковтың адвокаты кассациялық шағым түсірген.
Судьяны «шыбын қаққыш дуэліне» шақырған қылығы үшін қарағандылық адвокат Евгений Танков 2014 жылы шілденің 24-і күні үш жылға бас еркіндігінен айрылған. Былтыр қазанда апелляциялық сот үкімді күшінде қалдырған. Биыл наурыздың 18-інде Танков жазасын өтеп жатқан АК 159/18 колониясында өткен көшпелі сот отырысында мекеме әкімшілігі, прокуратура мен адам құқықтары жөніндегі қоғамдық комиссия өкілдері заңгердің мерзімінен бұрын шартты түрде бостандыққа шығару немесе жазасын жеңілдетуді сұрап жазған өтінішін қанағаттандырмаған.