Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев қырғыздар мен этникалық өзбектер арасындағы қайғылы қақтығысқа бес жыл толуы қарсаңында қырғызстандықтарды бірлік пен бейбітшілікті сақтауға шақырды.
Маусымның 10-ында таратқан мәлімдемесінде Атамбаев "Өзбектерді сақтап қалған қырғыз отбасылары мен қырғыздарды сақтап қалған өзбек отбасылары ең маңызды нәрсе - ол өздерінің этникалық тегі емес, адами болмыс мен адамгершілік екенін дәлелдеді" деген.
Қырғызстан президенті қақтығысты ұйымдастырушылар "ерте ме кеш пе жауапқа тартылатынын да айтқан. Ол қақтығысты ұйымдастырушылар ретінде бұрынғы президент Құрманбек Бакиев пен оның "серіктерін" меңзеген.
2010 жылдың маусымында Қырғызстанның оңтүстігіндегі Ош және Жалал-Абад облыстарында қырғыздар мен этникалық өзбектер арасында болған қақтығыстардан 400-ден астам адам қаза тауып, ондаған адам із-түзсіз жоғалған. Қырғыннан мыңдаған адам баспанасынан айырылған.
Қақтығыстан бірер ай бұрын, 2010 жылдың сәуірінде жаппай толқу нәтижесінде президент Құрманбек Бакиев биліктен тайдырылған. Бакиев содан бері Беларусьте тұрады.