Accessibility links

ИМ-нің Йемендегі шабуылдарынан ондаған адам қаза тапты


Йемен астанасы Санадағы бомбалаудан кейінгі көрініс. (Көрнекі сурет).
Йемен астанасы Санадағы бомбалаудан кейінгі көрініс. (Көрнекі сурет).

Йемен астанасы Санада үш жарылыс болып, ондаған адам қаза тауып, жараланды. Жарылыс шииттік көтерілісші хуситтердің мешіті мен штаб-пәтерінде болған. Шабуылдарды Йемендегі "Ислам мемлекеті" экстремистік ұйымының бөлімі мойнына алып, интернетте мәлімдеме жариялады.

Йеменнің бірнеше аймағында Сауд Арабиясы бастаған араб елдері коалициясының әскери-әуе күштері хуситтер бекіністеріне қарсы соққы беріп жатыр. Ал Женевада БҰҰ-ның арағайындығымен Йемендегі қақтығысты тоқтату жөнінде бейбіт келіссөз өтіп жатыр. Кейбір ақпараттар бойынша, тараптар қандай да бір уағдаластыққа қол жеткізе алмаған.

Куәгерлер мен дәрігерлердің хабарлауынша, Санадағы жарылыстарда кемінде 30 адам мерт болған. 17 маусымда хуситтер Женевада қуғындағы үкімет делегациясы құрамында бейбіт келіссөзге қатысып жатқан саясаткер Әбдел-Азиз Джубаридің үйін жарған. Йемен сыртқы істер министрі Рияд Ясин Абдулла Reuters агенттігіне кездесуде әзірге ілгерілеушілік жоғын хабарлаған.

XS
SM
MD
LG