Рим папасы Франциск Оңтүстік Америкадағы кедей үш елге сегіз күндік сапарын Эквадордан бастады. Бұл елге келгенде сөйлеген сөзінде Франциск: «Қоғамның әрбір мүшесінің әлемдегі прогресс жемісін пайдалану мүмкіндігі болуы керек» деп мәлімдеген.
Эквадордан соң понтфик Боливия мен Парагвайға бармақ.
Ватиканның мәлімдеуінше, Рим папасы кедейшілік мәселесіне назар аударып отыр. Католик шіркеуінің басшысы Эквадор астанасы Кито мен Гуякиль қаласында көпшілік мінәжатқа қатысады. Шілденің 8-і күні Франциск Боливияға барып, жергілікті байырғы тұрғындар құқығын қорғау мәселесін көтермек. Парагвайда Рим папасының азаматтық белсенділермен кездесуі жоспарланған.