Алматыдан Қапшағайға қатынайтын пойыз қызметін тоқтатты деп хабарлады бүгін "Тұран Экспресс" компаниясына сілтеме жасаған ҚазАқпарат агенттігі.
Компания бас экономисі Санжан Қаңлыбаевтың айтуынша, пойыздың тоқтауына тасымалдың өз-өзін ақтамауы себеп болған. Ол компания жаз мезгілінде Алматы-Қапшағай бағытында пойыз жүргізу тиімді болады деп есептегенін, бірақ қанша жарнама жасалғанына қарамастан жолаушылардың пойызбен көп жүрмегенін айтады.
Алматы-Қапшағай бағытындағы пойыз биыл маусым айында ғана жүре бастаған. Бес вагон тіркеген пойыз екі аралықты бір жарым сағатай уақыт жүрген. Пойыз күніне екі рет - таңертең және кешке жүрген.