Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев елде "коррупциямен күресте айыптылар жазасыз қалмайтынын" мәлімдеді. Азаттықтың Қырғыз қызметінің хабарлауынша, Атамбаевтың президент аппаратының бұрынғы жетекшісі Данияр Нарымбаевтың ұсталуына қатысты комментариін оның баспасөз хатшысы Жанар Ақаев жеткізді.
"Алмазбек Атамбаев коррупциямен күресте тіпті оның өзінің командасы я жақындары болса да жазадан құтылмайтынын мәлімдеді. Президент Нарымбаевты қорғамайды. Бұл мәселеде ешқандай саясат жоқ. Егер тергеу органдары мен сот Нарымбаевты айыпты деп тапса, ол міндетті түрде жазаланады" деді президенттің баспасөз хатшысы.
Президент аппаратының бұрынғы жетекшісі Данияр Нарымбаев бүгін бас прокуратураға коррупциялық қылмысқа қатысты жауапқа шақырылғаннан кейін ұсталған. Ол "коррупциялық қылмыс жасады", "пара бопсалады" және "қызметін теріс мақсатта пайдаланды" деген күдікке ілінген.