Accessibility links

Мәскеу: Савченконы межелі жерге 25 шілдеде жеткізеді


Надежда Савченко сот залында. Мәскеу, 6 мамыр 2015 жыл.
Надежда Савченко сот залында. Мәскеу, 6 мамыр 2015 жыл.

Ресейдің адам құқықтары жөніндегі уәкілі Элла Памфилованың сауалына қайтарған ресми жауапта билік орындары украиналық ұшқыш Надежда Савченко «межелі жерге шілденің 25-і күні жеткізілетінін» хабарлаған.

Бұған дейін Савченконың адвокаттары Илья Новиков пен Марк Фейгин Мәскеудің 1-тергеу абақтысынан шілденің 17-і күні этаппен Дондағы Ростов қаласына жөнелтілген тұтқын, кейбір мәлімет бойынша, федералдық қауіпсіздік қызметінің (ФСБ) облыстық басқармасында қамауда отыруы ықтимал екенін айтқан.

Сондай-ақ, бұған дейін Савченконың ісі бойынша сот процесі шілденің 30-ы күні Ростов облысындағы Донецк қалалық сотында басталады деп хабарланған.

Ресей тергеу орындары Надежда Савченкоға 2014 жылы жазда Украинаның шығыс аймағында мерт болған ресейлік екі журналистің қазасына қатысы бар және шекарадан заңсыз өткен деген айыптар тағып отыр.

Савченко өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарады және өзін Украинада ұрлап, Ресейге еркінен тыс алып келгенін айтады.

Егер сот Савченконы айыпты деп таныса, оны 25 жылға дейінгі мерзімге бас еркіндігінен айыруы ықтимал.

Бүкіл әлем көлемінде Ресейден Надежда Савченконы дереу босатуды талап етіп жүрген белсенділер мен құқыққорғаушылар украиналық азамат саяси астары бар жалған айыптар бойынша қуғын көріп отыр деп санайды.

XS
SM
MD
LG