Accessibility links

Минск алты саяси тұтқынды түрмеден босатты


Түрмеден босап шыққан оппозициялық саясаткер Николай Статкевичті жақтастары Минск вокзалында гүлмен қарсы алды. 22 тамыз 2015 жыл.
Түрмеден босап шыққан оппозициялық саясаткер Николай Статкевичті жақтастары Минск вокзалында гүлмен қарсы алды. 22 тамыз 2015 жыл.

Беларусь президенті Александр Лукашенко елде түрмеде отырған бірнеше саяси тұтқынға рақымшылық жариялады. Бұл туралы президент әкімшілігі баспасөз қызметі хабарлаған.

Бостандыққа шыққандардың арасында президенттікке экс-кандидат, 2010 жылы желтоқсанның 19-ы күні Беларусь президенті сайлауындағы бұрмалауға наразылық білдіріп Минскіде мыңдаған адам шеруге шыққанда соққыға жығылған оппозициялық саясаткер Николай Статкевич те бар. Онымен бірге оппозициялық белсенділер Игорь Олиневич, Николай Дедок, Артем Прокопенко, Евгений Васькович және Юрий Рубцовқа рақымшылық жарияланған.

Сенбі күні кешке Минскіге жеткен Николай Статкевичті вокзалда жүзден аса адам гүл ұстап, қуанышпен қарсы алған. Статкевич рақымшылық сұрап ешқашан өтініш жазбағанын, президент Лукашенконың жарлығы өзі үшін тосын жаңалық болғанын айтқан. Ол елден кетпейтінін, демократия жолында күресті жалғастыратынын мәлімдеген.

Беларусь соты оппозициялық саясаткер Николай Статкевичті 2011 жылдың мамырында «жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастырды» деген айыппен алты жылға соттаған еді. Сот үкімінен соң Шклов қаласындағы еңбекпен түзеу колониясына жазасын өтеуге жіберілген Статкевич «лагерьдің ішкі ережесін үнемі бұза бергені» үшін 2012 жылы көшпелі соттың шешімімен жабық режимдегі түрмеге ауыстырылған.

Беларусь мемлекетін 1994 жылдан бері үздіксіз басқарып келе жатқан президент Александр Лукашенко үкіметінен батыс елдері мен құқыққорғаушы ұйымдар елдегі саяси тұтқындарды түрмеден босатуды талап етіп келеді.

Беларусь президентінің сайлауы биылғы қазанның 11-іне белгіленген.

Николай Статкевичтің Минскіге оралуы жайлы фотогалерея:

XS
SM
MD
LG