Францияның бұқаралық ақпарат құралдары Египетте апатқа ұшыраған ресейлік жолаушылар ұшағының «қара жәшігіндегі» жазбалардан әуеде ұшақта жарылыс болғаны анықталған деп хабарлады.
«Қара жәшік» жазбаларын зерттеуге қатысқандардың бірінің «France 2» телеарнасына айтуынша, ұшақтағы жарылыс дыбысы айқын жазылып қалған.
«Барлығы қалыпты [жұмыс істеп] келе жатып, кенет үнсіз қалған» деген «қара жәшік» жазбаларын зерттеуге қатысқандардың бірі France Presse агенттігіне.
Бұған дейін АҚШ және Ұлыбритания өкілдері, барлау қызметтерінің деректеріне сілтеме жасап, Синай түбегінде құлаған Airbus A321 жолаушылар ұшағына теракт жасалған болуы мүмкін деген болжам айтқан еді.
Бірақ Мәскеу ондай болжамдарды үзілді-кесілді қабылдамайтынын мәлімдеген.
31 қазанда Египеттің Шарм-эш-Шейх қаласынан Санкт-Петербургке бара жатқан Ресейдің «Когалымавиа» әуе компаниясына тиесілі Airbus A321 жолаушылар ұшағы апатқа ұшырап, ондағы 224 адам түгел қаза тапқан.