Сент-Китс және Невис (Кариб теңізінің шығысындағы екі аралдан тұратын шағын мемлекет – ред.) туын көтерген Believe теплоходында қызмет атқаратын ресейлік теңізшілер өздеріне еңбекақы төленбей отырғанына наразылық білдіріп, Оңтүстік Кореяның Ульсан портында ереуіл жариялаған.
Кемеде ресейлік он бес теңізші бар. Ресей теңізшілер кәсіподағының Қиыр шығыс аймағы бойынша ұйымының басшысы Николай Сухановтың айтуынша, кеме экипажы Ульсанда жүкті түсіруден бас тартқан.
Теңізшілер қыркүйек айынан бері еңбекақы алмағандарын айтқан. Еңбекақыға жалпы қарыз сомасы алпыс мың долларға тақаған. Кемеег иелік ететін, Находкада тіркелген Nautilus Shipping and Trading компаниясына айтқан өтініштері нәтижесіз болған дейді Суханов. Оның айтуынша, бұл компанияда жұмыс атқаратын теңізшілер еңбекақыға байланысты реніштерін бұған дейін де білдірген.