Алматының «Қайрат» футбол командасын ресейлік маман Александр Бородюк жаттықтыратын болды. Бұл туралы команданың ресми сайты мәлімдеді.
Бородюк "Қайратпен" үш жылдық келісім-шартқа қол қойған.
Бородюк ойыншы ретінде футбол карьерасын «Факел», «Динамо Мәскеу» командаларында бастаған. Кейін ол германиялық «Шальке-04» клубында ойнап, 120 матчта 41 гол салған. «Шалькеден» соң Бородюк Германияның «Фрайбург», «Ганновер» клубтарында ойнады. Александр Бородюк СССР құрамасы сапында олимпиада чемпионы болған.
Бородюк 2001 жылы «Крылья Советов» клубының бапкерлер кеңесіне енген. Ал 2002 жылы Ресей құрамасында Дик Адвокат пен Гус Хиддинкке көмектесті. Бұл қызметпен қатар Ресей жастар құрамасының бас бапкері қызметін қатар атқарған.
Осыған дейін «Қайратты» словакиялық маман Владимир Вайсс жаттықтырған еді. Ол маусым аяқталған соң қызметінен кеткен. Былтырғы маусымда "Қайрат" Қазақстан чемпионатында күміс медаль алып, Қазақстан кубогында жеңіске жеткен.