Accessibility links

Ресей бөгеген жүк көліктері елге әлі түгел жетпеді


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Ресей шекарасында қарашаның 24-інен бастап бөгелген Түркиядан жүк тиеген 70-тей қазақстандық көліктің алды ай ортасында елге келе бастады. Бірақ Қазақстан инвестициялар және даму министрлігі «жеті көлік Ресей кедендерінен әлі өте алмай тұр, мұндай оқиғаның тағы қайталанбасына кепілдік жоқ» дейді.

Қазақстан инвестициялар және даму министрлігінің Ресейдің Украинамен шекарасындағы «Троебортное» (1 көлік) және «Крупец» (2 көлік), Грузиямен шекарасындағы «Верхний Ларс» (4 көлік) кеден бекеттерінде жеті жүк көлігінің әлі өте алмай тұрғаны туралы ақпаратын Қазақстан автотасымалдаушыларының халықаралық одағы да растады. Олардың мәліметіне қарағанда, Ресей өткізбей қойған кейбір қазақстандық жүк көліктері Қазақстанға Баку айналып, Ақтау порты арқылы жеткен.

«КЕДЕННЕН ЗОРҒА ӨТКЕН ЖҮРГІЗУШІ ШАҒЫМЫ»

Жүк көліктерінің алдында жүрген Ресей полициясы қызметкері. (Көрнекі сурет)
Жүк көліктерінің алдында жүрген Ресей полициясы қызметкері. (Көрнекі сурет)

Түркия өзінің Сириямен шекарасында Ресей әскери ұшағын атып түсіргелі (қарашаның 24-і) жарияланған Мәскеу санкцияларының зардабын тартқан Қазақстан тасымалдаушыларының бірі Анатолий Очковский. Украина-Ресей шекарасындағы «Троебортное» кеденінде жүк көлігімен екі апта тұрып қалған ол Петропавлға желтоқсанның ортасында жеткен.

- Ресейге өтерде тұрып қалдық. «Украинаға қайтыңдар» деді. Украина қайта кіргізбеді. Өйткені «кеденнен өткен құжатты Ресейге тапсырып қойған» екем. Бір аптадан кейін Ресей қабылдай бастады. «Анда тұр, мұнда тұр» деп дөрекі сөйлеседі. Ұшақтарын атқан мен бе олардың? – дейді ол.

Ресей кедені оның жүк көлігін толық тексергенін айтады. Анатолий Очковский «Олардың не істеп, не қылғанын білмеймін. Мені [тексеретін жерге] кіргізбеді» дейді. Оның сөзіне қарағанда, Ресей кеденшілері бұрын сұрамайтын түрлі анықтамалар талап етіп, әуреге салған.

- Шығармағандары жоқ. Кейбіреулерімізден тіпті медициналық полис сұрады. Мен кеткенде әлі біршама көлік қалған, - дейді ол.

КӘСІПКЕР ШЫҒЫНЫ

Ресейдің Түркия тауарларын тасымалдауға салған тыйымы Қазақстан кәсіпкерлерін шығынға ұшыратты. Мәселен қостанайлық кәсіпкер Александр Акхобеков Ресейдің Украинамен шекарасындағы «Троебортное» және «Крупец», Грузиямен шекарасындағы «Верхний Ларс» кеден бекеттерінде тұрып қалған үш жүк көлігінің әрқайсысына 70 мың рубльдей (әр көлікке мың долларға жуық – ред.) қосымша қаражат шығарғанын, мұның өзі үшін «үлкен шығын» екенін айтты.

... бір көлігіміз қайтып барып, теңіз арқылы Ақтау портына келді. Оған бес мың АҚШ долларындай ақша кетті. Пайда көрмей, таза шығынға батып жатырмыз.

- Ал өтпей қалған бір көлігіміз қайтып барып, теңіз арқылы Ақтау портына келді. Ол әлі межелі жеріне жетпеді. Оған бес мың АҚШ долларындай ақша кетті. Пайда көрмей, таза шығынға батып жатырмыз, - дейді Акхобеков.

Қостанайлық кәсіпкер Түркия тауарларын Ресей арқылы тасымалдауды доғара тұруды жоспарлап отырғанын да айтты. «Бұл маршруттың мәселесін келер жылы жазға салым, Ресей-Түркия мәселесі шешілгеннен кейін қайта қарастырармыз» дейді Александр Акхобеков.

«БАКУДІ АЙНАЛУ» МЕН «КЕПІЛДІКТІҢ БОЛМАУЫ»

Қазақстан автотасымалдаушыларының халықаралық одағының мәліметі бойынша, Түркиядан Қазақстанға тауар әкеле жатқан жеті жүк көлігі Ресей кедендерінде әлі бөгеліп тұр.

- Түсінесіз бе, Ресей кеденінен өтуге бола ма, жоқ па - ресми мәлімдеме әлі айтылмады. Кеденде тұрған көліктердің бірқаншасы Баку портын айналып, Әзербайжан арқылы келді. Жеті көлік әлі тұр, - дейді атын атағысы келмеген Қазақстан автотасымалдаушыларының халықаралық одағы өкілі.

Азаттықтың сауалына жазбаша жауап берген Қазақстан инвестициялар және даму министрлігі дерегінше, Ресей федерациясының «Верхний Ларс», «Крупец», «Троебортное» кеден бекеттерінен қазақстандық жеті жүк көлігі өте алмай тұр.

Үкімет үйі. Астана. (Көрнекі сурет)
Үкімет үйі. Астана. (Көрнекі сурет)

Министрлік жауабында Қазақстан мен Ресей ресми өкілдерінің «қазақстандық автокөлік құралдарын өткізу мәселесін шешу» жайында келіссөз жүргізіп жатқаны жазылған. Алайда министрлік «сәйкес жағдайлардың қайталанбауына ешкім кепілдік бере алмайды» деп ескертеді.

Инвестициялар және даму министрлігі «қалыптасқан жағдайға байланысты отандық тасымалдаушылар Түркия-Иран-Түркіменстан-Өзбекстан-Қазақстан және Түркия-Грузия-Әзербайжан-Қазақстан (Ақтау порты) маршруттарын пайдаланып жатқандарын» жазған.

Биыл қарашаның 24-і күні Түркия қарулы күштері Сириямен шекарада Ресейдің Су-24 бомбалаушы ұшағын атып түсіріп, ресейлік бір ұшқыш қаза тапқан еді. Түркия ресейлік ұшақ «елдің әуе кеңістігін бұзып, ескертуді елемегенін» айтса, Мәскеу ұшақтың «Сирия аумағындағы әуе кеңістігінде болғанын» мәлімдеп, Түркия шекарасын бұзғанын жоққа шығарған.

Ресей бұл оқиғадан кейін Түркияға қарсы санкциялар енгізіп, Түркиядан Ресейге әкелуге болмайтын тауарлар тізімі жарияланған. Қазақстан жүк тасымалдаушылары «жүктерінде санкцияда бекітілген өнім түрлері жоқ» екенін айтқан болатын.

XS
SM
MD
LG