Accessibility links

Украина Ресей тағамдарын импорттауға тыйым салмақ


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Украина экономикалық даму және сауда министрлігі ресейлік тауарларға импорттық салық енгізіп, кейбірін импорттауға тыйым салмақ деп хабарлады министрліктің ресми сайты.

Сайтта жарияланған тыйым салынатын азық-түлік тізімінде ет, балық, кейбір сүт өнімдері, жарма, бидай, нан өнімдері, арақ, сыра, кофе, шай, кондитерлік өнімдер, балалар тағамдары мен химикаттар бар.

Украина билігі осы және басқа да тауарларды импорттауға 10 қаңтардан бастап тыйым салмақ. Ал импорттық тауарларға салық 2 қаңтардан бастап енгізіледі.

Бұл шаралар Мәскеудің Киевке сауда эмбаргосын қойғанына жауап ретінде қабылданған. "Бұл шаралардың мақсаты - Украинаның қауіпсіздігі мен экономикалық мүдделерін қорғау" делінген министрлік сайтындағы хабарламада.

21 желтоқсанда Ресей премьер-министрі Дмитрий Медведев 1 қаңтардан бастап Украинаға Ресейге салынған экономикалық санкцияларды қолдаған елдерге енгізілгендей азық-түлік эмбаргосын салу туралы қаулы шығарған. Медведев мұны Украинаның 2016 жылдан бастап Еуропа Одағымен еркін сауда аймағына қосылатынымен байланыстырған.

24 желтоқсанда Украина Жоғарғы Радасы үкіметке "басқыншы елге қарсы экономикалық сипаттағы жауап шараларын қолдануға" құзырет беру туралы заңды мақұлдаған. Ал 29 желтоқсанда ел президенті Петр Порошенко заңға қол қойған.

XS
SM
MD
LG