Ресейдің Кемерово қаласында алыс қашықтыққа жүк тасымалдайтын көліктерден төлем алуға арналған «Платон» жүйесіне қызмет көрсететін компания кеңсесіне белгісіз біреулер от қойған. Бұл туралы «ВКонтакте» әлеуметтік желісінде жергілікті тұрғын Николай Бадюков жазған.
«Тайга.инфо» басылымына сұхбатында Бадюков өрт қаңтардың 8-іне қараған түні қаладағы Ленин даңғылында орналасқан кеңседе шыққанын айтқан. Куәгерлердің сөзінше, белгісіз адамдар ішіне жанғыш сұйық зат құйылған бөтелкені кеңсенің терезесіне лақтырған. Аймақтық ішкі істер басқармасы «Тайга.инфо» басылымына бұл оқиғаны тексеру жайлы кейінірек хабарлайтынын айтқан.
2015 жылдың 15 қарашасынан бастап Ресейде салмағы 12 тоннадан асатын жүк тасымалдаушы автокөліктерден «Платон» атты төлем жүйесі арқылы жиналатын жаңа алым түрі енгізілген. Оған наразы алысқа жүк тасымалдайтын автокөлік жүргізушілері бүкіл Ресей көлемінде қарсылық акцияларын ұйымдастырған.