Тәжікстанда елдегі ықпалды Чолов әулетінің өкілі, азамат соғысы кезіндегі Тәжікстан ұлттық майданының командирі Курбон Чоловтың ағасы Давлат Чоловтың қаза табуы мүмкін екені хабарланды.
Өткен аптада Тәжікстан билігі Давлат Чолов "Ислам мемлекеті" экстремистік ұйымына қосылғанын мәлімдеген. Азаттықтың Тәжік редакциясының хабарлауынша, Куляб аудандық ішкі істер басқармасы бастығының орынбасары Абдукодир Мирзозода Давлат Чоловтың қаза тапқаны туралы 16 қаңтарда өткен ішкі істер министрлігінің алқа жиынында айтылғанын жеткізген.
"Алқа жиынында жедел іздеу ақпараты бойынша Давлат Чоловтың Сирияда ұрыста қаза болғаны айтылды" деген Мирзозода. Ол бұл ақпараттың сенімді екенін және оны министрлік аппаратының жетекшісі растайтынын айтады.
Тәжікстан ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Джалолиддин Садриддинов алқа жиынында Давлат Чолов туралы айтылған жоқ дейді. Ол Давлат Чоловқа қатысты мәліметтер ақпарат нақтыланғаннан соң хабарланатынын айтты. Давлат Чоловтың туыстары өздерінің қандай да бір ақпараттан хабарсыз екенін айтады.
Давлат Чолов бұған дейін Тәжікстанда ұсталған, бірақ айыппұл төлеп, "тәубасына келген" соң босатылған. Болжам бойынша, босап шыққан соң ол Сирияға кетіп қалған.