Accessibility links

Теміртаулық адвокаттың бас бостандығы шектелді


Сот отырысы. Көрнекі сурет. Теміртау. 19 қараша, 2015 жыл.
Сот отырысы. Көрнекі сурет. Теміртау. 19 қараша, 2015 жыл.

Қарғанды облысы Теміртау қаласында адвокат Юрий Леднев "пара беруге итермеледі" деп айыпталды. Соттың хабарлауынша, адвокат өзіне қатысты айыппен келіскен.

- Сот Ледневке 3 жыл бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады. Мүлкін тәркілеп, 4 миллион 500 мың теңге айыппұл төлеуге, адвокаттық қызметпен айналысуға үш жылға дейін, ал мемлекеттік қызметпен айналысуға мүлдем тыйым салды, - деді Азаттыққа Теміртау қалалық сотының өкілі.

Бұл қылмыстық іске қала тұрғынының антикоррупциялық қызметке жазған арызы негіз болған. Азаматшаның мәліметінше, оның ағасына қатысты қозғалған қылмыстық істе қорғаушы болған Леднев, ағасына тағылған бапты өзгертіп, жазасын жеңілдету үшін ақша сұраған.

Азаттыққа пікір білдірген Юрий Леднев апелляциялық шағым түсірмейтіндін айтты.

- Мен 150 мың теңге алғанымды растаймын. Мен ол адамға (қорғауындағы азаматтың қарындасына) егер бауыры мейлінше жеңіл жаза алса, әрі қарай ешқандай ақша төлеудің қажет болмайтындығын айттым. Алайда ол механизмді іске қосты. Құзырлы органдар жүйесі іске кірісіп кетті. Бұл жайт маған қарсы болды. Мен оны жоққа шығармаймын. Қызметімді толық атқарғаныма қарамастан, мен ол адамға барлық гонарарды қайтарып бердім. Қорғауымдағы жігітке зиян келтірсем деген ой болған жоқ. Керісінше, мүмкіндігінше көмектескім келді. Мен жұмысымнан шығып кеттім. Жүйемен салғыласудың не қажеті бар? Бұл өмірімдегі маған қарсы жазылған алғашқы арыз, - деді Юрий Леднев.

Леднев Теміртау қаласында даулы сот істерге қатысушы адвокат ретінде танымал. Кезінде судья болып қызмет еткен оның 40 жылдан аса тәжірибесі бар. Леднев Теміртау балалар үйінің түлектеріне қолдау көрсетіп, оларды жұмыспен қамтуға көмектесіп келеді.

XS
SM
MD
LG