Ресей ядролық қаруды қысқарту туралы АҚШ-пен келіссөз өткізуге мүмкіндік болмай отыр деп санайды. Бұл туралы Ресей сыртқы істер министрі орынбасары Сергей Рябков мәлімдеген. Мәскеу ондай диалогқа ядролық қаруға ие барлық елдерді қатыстыру қажет деп біледі. Сонымен бірге Рябков Вашингтонды «жағдайды өзі шиеленістіреді» деп айыптап, оған АҚШ-тың зымыранға қарсы қорғаныс жүйе құрып отырғанын мысалға келтірді.
Осы аптада АҚШ президентінің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Сюзан Райс Ресейді ядролық қаруды одан ары қысқарту туралы келіссөзді жалғастыруға шақырған еді. Райс Мәскеуге үндеуін ақпанның 5-і, АҚШ пен Ресей арасындағы ядролық стратегиялық шабуыл қаруларын одан ары қысқарту және шектеу жөніндегі шаралар туралы келісімнің (СНВ-3) күшіне енгеніне бес жыл толған күні жасаған.
2010 жылы сәуірде АҚШ президенті Барак Обама мен Ресей презиенті Дмитрий Медведев қол қойған келісім 2011 жылы 5 ақпанда күшіне енген. Он жыл мерзімге арналған келісім, тараптардың келісімі бойынша, бес жылға ұзартыла алады. Құжатқа сәйкес, екі тараптың әрқайсысы ядролық оқтұмсықтарын 1550-ге дейін, құрлықаралық баллистикалық зымырандарды, ауыр бомбалаушы ұшақтар мен сүңгуір қайықтардағы баллистикалық зымырандар санын 700-ге дейін қысқартуы тиіс.
Бұл құжат 2009 жылы мерзімі аяқталған СНВ-1 келісімінің орнына қабылданған еді.