Жыл сайын көктем шығып, қар ерігенде Қырғызстаннан Қытайға баратын тау шатқалдарында қырғыз халқының тарихындағы ең қанды қырғынның іздері көріне бастайды.
Адамдар мен жануарлардың қаңқа сүйектері жер бетіне шығып қалады. Бұл – 1916 жылы патша әскерінен қашып, орта жолда опат болған боздақтардың сүйектері.
Биыл Қырғызстан елі бүкіл халыққа қасірет әкелген үлкен зобалаң - Үркіннің 100 жылдығын атап өтеді.
ПАТШАЛЫҚ РЕСЕЙ ОТАРЫ
Қырғызстанның қазіргі Шу, Талас, Ыстықкөл аймақтарынан және Қазақстанның оңтүстік-шығысындағы ауылдардан қырғыздар 1916 жылғы қысым басталардан бұрын-ақ бас сауғалап кете бастаған. Ресейдің Алматыда сақталған архив құжаттарына қарағанда, 1915 жылы 1 мың 787 қырғыз отбасы Қытайға көшіп кеткен. 1904-1914 жылдар аралығында шамамен 10 мыңдай қырғыз тау асып, шығысқа аттанған.
Бұған себеп – Ресей отаршылдығы. Екі жүз жылдың айналасында Ресей Оралдан Тынық мұхитқа дейінгі аралықтағы ұланғайыр аймақты өзіне қаратып үлгерді. 19-ғасырдың аяғында патша армиясының ізін ала Орталық Азияға орыс отырықшылары келе бастады. Жаңа қоныстанушылар аймақтағы ауылшаруашылық жерлерін иемденді.
Бірінші дүниежүзілік соғыс басталғанына екі жыл болғанда, 1916 жылы Ресей патшасы Орталық Азиядан 19 бен 43 жас аралығындағы 220 мың адамды әскерге шақыру туралы бұйрық шығарады. Аймақтағы орыс басшылар бұл шешімнің халыққа ұнамайтынын ескерткеннен соң Ресей патшалығы Орталық Азиядан шақыртылғандар әскери ұрысқа емес, тыл жұмыстарына алынатынын хабарлайды.
Жарлықтың бұл нұсқасы бұқара халыққа толық жетпейді. Жұрт өздерін отарлаған елдің айдаладағы басқа бір мемлекетпен соғысына қатысудан бас тартады. 1916 жылы Орталық Азия халқы Еуропаның қайда екенінен және онда қандай соғыс болып жатқанынан тіпті бейхабар болатын. Бұған қоса жұрт арасында «әскерге барғандар сондағы жұртпен бірге шошқа етінен жасалған тағам жейді екен» деген әңгіме тарайды (дегенмен халықтың бұл сөзі расқа айналып, кейін Қызыл армияға барған мұсылмандарға шошқа етінен тамақ жасалған). Оның үстіне патша жарлығы Орталық Азиядағы шаруалар мен малшылар үшін жұмыстың ең қызған шағы – 25 маусым күні шықты.
Бұдан бұрын да Орталық Азия халқы Ресей патшалығының отарлау саясатына қарсы бірнеше мәрте көтерілген. Соның ішінде 1873-1876 жылдардағы қырғыз молдасы Ысқақ Хазанұлы мен 1898 жылғы мамырдағы Әндіжан көтерілістері ерекше есте қалған.
Бұл жолы Орталық Азияның барлық елдері бір мезетте бас көтерді.
Онсыз да Еуропадағы соғыспен әлек болып жатқан Ресей патшалығы түріктер көсемі Енвер Пашаның Орталық Азиямен біріккен түркі империясын құру идеясынан қатты қорқатын. Патша көтерілісті күшпен басу үшін әскер жіберуге пәрмен берді. Бұдан 40 жыл бұрынғы патша генералы Михаил Скобелевтің тактикасын қайталау көзделді. 1881 жылы бас көтерген түркімендердің соңғы көтерілісшілерін қырғаннан соң Скобелев: «Жауыңды қаншалық қатыгездікпен қырсаң, бейбітшіліктің ғұмыры соншалық ұзақ болады. Неғұрлым қатты ұрсаң, олар соғұрлым тыныш болады», - деген.
1916 жылы да солай болды. Ол кезде Орталық Азия халықтарының қолында ататын қару мүлде болмағандықтан, қарсыласудың еш қисыны жоқ еді. Дегенмен, патшалық Ресей олардың қауқарсыз екенін біле тұра наразылықты аяусыз басып тастауға күш салды.
Бішкектен Ыстықкөл демалыс аймағына барар жолда Боом шатқалы бар. 1916 жылы мыңдаған қырғыз осы шатқал арқылы қашқан. Беловодск ауылында әйел, бала-шаға, қарттары бар 517 адам бір күннің ішінде өлтірілген. Үркін кезінде мұндай жантүршігерлік оқиғалар көп болған.
ҰЛТ ҚАСІРЕТІ
Үркін кезінде Қытай асып кеткендердің бірі – Шаймерден Ыбырайымов. 1995 жылы 80 жасында Қытайдан Қырғызстанға қайтып оралған.
«Кетіп бара жатқан жолда [Ресей] солдаты үлкен атам Жапарқұлдың артынан оқ атып, ол қаза тапты. Атамның оны жерлейтіндей шамасы болған жоқ, сондықтан ол мәйітті далаға тастап кете берді», – деді Ыбырайымов Азаттық радиосының Қырғыз қызметіне.
Азаттық елден қашқан кезде 19 жасар бозбала болған Баяли Исакеевпен де сұхбаттасты.
Ол 1933 жылы Үркін туралы кітап жазған. Сол жылы қыстың ерте түскенін айтқан ол: «Біз Бедел асуынан қараңғыда өтуге мәжбүр болдық. Асты мұз, үстін қар басқан жол өте тайғанақ еді. Алдымен анам мен қарындасымды жіңішке жолдан түйемен өткізіп жібердім. Төменде – терең құз. Бір адымыңды дұрыс баспасаң – құрдымға кеткенің. Әупірімдеп анам мен қарындасымды өткізіп жібердім де, үйдің оны-мұны заттарын жеккен өгізді тар жолмен алып келе жатқан ағама көмекке келдім. Жолда біз жыраның ішінде толып жатқан түйе, жылқы, сиыр малдарының денелерін көрдік. Арасында адамдардың да мәйіттері жатты», – деп суреттейді ол.
Ол заманның деректері дұрыс сақталмаған, сондықтан Үркінде нақты қанша қырғыздың опат болғаны беймәлім. Сарапшылардың көбі 150 мыңға жуық адам көз жұмды десе, кейбіреулер тіпті құрбандар санын 250 мың адамға жеткізеді. Қытайға өткендер Шығыс Түркістан аймағын паналаған.
Ресейде көтерілісті басып-жаншу шарасына қарсылық білдіргендер де болды. Мәселен, Мемлекеттік дума депутаты Александр Керенский патшалықтың ол әрекеттерін «масқара» деп сипаттаған. 1917 жылы патша тақтан тайдырылған соң Керенскийдің үкіметі билікке келді, бірақ көп проблеманың кесірінен аз уақытта орнынан кеткен бұл үкімет Орталық Азияға келген залалдың орнын толтыра алмады.
ЕЛГЕ ОРАЛУ
1917 жылдың соңында билікке келген большевиктер Үркінді және патшалық Ресейдің Орталық Азияға жасаған әлімжеттігін өз мақсатына пайдаланып, жаңадан құрылған Совет одағында халықты өзара бауырмалдыққа үндеді. Большевиктер шетке кеткен қырғыздарды қайта оралуға шақырды.
Кейбіреулері бұған құлақ асып, қайтып келді. Мәселен, Исакеев Коммунистік партия құрамына өтіп, Қырғыз социалистік республикасы үкіметінде лауазымды қызмет атқарды. Дегенмен ол, 1937 жылғы қуғын-сүргін кезінде ұсталып, атылды.
Үркіннің қырғыз тарихындағы алар орны ерекше. 1991 жылы тәуелсіздік алғалы бері халық жаз айларында топ-тобымен жиыналып, 1916 жылы мерт болғандардың мәйіттерін тауып, жерлеп жүр. Олар табылған жәдігерлерді музейлерге тапсырады. Үркін туралы фильм түсірілді, жақында ол кинотеатрларда көрсетіледі.
Қырғызстан үкіметі мен басқа да ұйымдар жыл бойы Үркіннің жүз жылдығына байланысты арнайы еске алу шараларын өткізіп келеді. Бүкіл аймақты қамтыған үлкен көтерілістің бір бөлігі болғанымен, Орталық Азияның басқа елдері қайғылы оқиғаны өз дәрежесінде еске алып жүрген жоқ.
Азаттықтың Қырғыз қызметі Үркіннің жүз жылдығына орай арнайы микросайт әзірледі. Онда фотосуреттер, патшалық режимнің құжаттары, зұлматты көзбен көргендердің естеліктері топтастырылған.