Астанада 15 тәулікке қамалды деген белсенді Еділ Мәкенге інісі Саят Мәкен, астаналық «Алаш жолы» қозғалысының бірнеше мүшесі киім-кешек, ас-ауқаты бар сәлемдеме апарып берді. «Алаш жолы» қозғалысының белсендісі Еділ Мәкен Астанада полицияның уақытша оқшаулау абақтысына 15 күнге қамалғаны хабарланған.
- Үш-төрт күн бұрын бір шаруаларым бар деп Көкшетауға кеткен. Кеше Көкшетаудан алып кетіпті. 15 күнге қамап тастаған. Не үшін екенін айтпай отыр. Әйтеуір, жер мәселесіне байланысты көрінеді, -дейді Саят Мәкен.
Кеше астаналық белсенді Еділ Мәкен өзінің Facebook-тегі парақшасында «Мені 15 тəулікке қамауға апара жатыр. Аман болыңыздар ағайын!» деген жазба қалдырған болатын.
Астана қалалық әкімшілік сотының баспасөз қызметкері «бұл мәліметті сот қаулысы заң күшіне енбегендіктен бере алмайтынын» білдірді. Астана ішкі істер департаментінің баспасөз хатшысы София Қылышбекова «белсенді Еділ Мәкеннің ұсталғаны туралы» ақпараттың түскен, я түспегенін анықтау үшін уақыт керектігін айтты.