Бүгін Атырау қалалық №2 сотының судьясы З.Қазақбай рұқсат етілмеген митингіге заңсыз шақырды деп айыпталған белсенділер Сағатбай Қапизов пен Ғатауғали Боханға қатысты Қылмыстық кодекстің 179-бабы бойынша екі айға абақтыға қамау туралы қаулы шығарған. Ал тағы бір белсенді Құбайдолла Шолақтың үй қамаққа алынғаны белгілі болды. Бұл туралы Азаттыққа Атырау облыстық сотының қызметкері хабарлады.
20 мамыр күні №2 қалалық сотының судьясы З.Қазақбай Атырау облыстық Ұлттық қауіпсіздік департаментінің 9 басқарма тергеушісі Е. Сабырғалиевтің арызы бойынша сегіз адамның үйін тінту туралы қаулы шығарған. Осыған сәйкес Макс Боқаев, Талғат Аян, Ерлан Башақов, Сағатбай Қапизов, Ғатауғали Бохан, Құбайдолла Шолақ, Әділбек Мұсаұлы, Жасұлан Мұсабековтың үйлеріне тінту жасалып, олардың жеке компьютерлері, мобильдік телефондары мен флэшкалары тәркіленген болатын. Қаулыда құқық қорғау органдарының 17-19 мамырда аталған сегіз адамға қатысты қылмыстық кодекстің 24-бабының 1- бөлімі (Қылмысқа дайындалу және қылмысқа оқталу), 272- бабының 1- бөлімі (Жаппай тәртiпсiздiк) және 179-бабының 2- бөлімі (Билікті басып алуды немесе ұстап тұруды насихаттау немесе оған жария түрде шақыру, сол сияқты билікті басып алу немесе ұстап тұру не Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын күштеп өзгерту) бойынша сот алды тергеуінің жүріп жатқанын хабарлаған.
Аталған белсенділер Қазақстан үкіметінің ауыл шаруашылық жерлерін аукцион арқылы сату және шетелдіктерге жалға беру жоспарына қарсы көзқарастарымен белгілі.