Accessibility links

Теміртауда мүгедек балалар қазақ тілінде оқитын болды


"Капитошка" инклюзивтік орталығындағы сабақ. Теміртау, 19 мамыр 2016 жыл.
"Капитошка" инклюзивтік орталығындағы сабақ. Теміртау, 19 мамыр 2016 жыл.

Теміртауда мектеп жасына дейінгі балаларға арналған алғашқы инклюзивтік топ ашылды. Онда мүгедек және дені сау балаларды бірге оқытпақ. Бірақ бір реттік қаржылық көмек небәрі сегіз айға ғана жетеді.

Теміртау қаласы тұрғыны Қыздаргүл Бұхарбаева ерекше көмекке мұқтаж балалар қазақ тілінде сабақ оқитын топтың ашылуын ұзақ күткенін айтады. Оның үш баласының үлкені – ақыл-есінде ауытқуы бар жасөспірім қыз. Бұл отбасы Өзбекстанда күн көрісі қиындап, науқас баласын ешқайда орналастыра алмаған соң бес жыл бұрын Қазақстанға көшіп келген.

БІР ОТБАСЫНЫҢ ТАҒДЫРЫ

Анасының айтуынша, Теміртаудағы «Дари добро» жергілікті қоғамдық қоры ашқан ерекше көмекке мұқтаж балалардың «Капитошка» инклюзивтік орталығындағы сабақтарға апарғанға дейін қызы бірнеше жыл үйде отырған әрі жағдайы нашарлай бастаған. Бірақ ол кезде орталықта қазақ тобы болмаған.

- Мұндай топ өте қажет еді. Топта мүмкіндігі шектеулі және дені сау балалар бірге оқитын болады. Оған еш қысылмаймын. Балабақшаға бармай, үйде отырған, ал шешелері жұмысқа шыға алмай жүрген балалар көп. Көп отбасылардың табысы аз, сондықтан балабақшаның ақысын төлеуге шамасы келмейді. Үлкен қызымды ешқайда алмаған соң мен де жұмысқа шыға алмай, үйде көп отырдым. Ал енді мына инклюзивтік орталықта жұмыс істеймін, кішкентай екі балам (ақыл-есі қалыпты) қазақ тобында мүгедек балалармен бірге оқитын болады, - дейді Қыздаргүл Бұхарбаева Азаттыққа.

Қыздаргүл инклюзивтік орталықтың мектеп жасына дейінгі бүлдіршіндер тобына тәрбиеші болып орналасқан. Енді оның кәдімгі балабақшаға әлі бара алмай жүрген үш және бес жастағы екі баласы да жанында болады.

ТОП ЖАСАҚТАЛЫП ЖАТЫР

Мектеп жасына дейінгі ерекше көмекке мұқтаж және ақыл-есі сау балаларға сабақты қазақ тілінде бірге оқытатын топ ашу идеясы үш жыл бұрын пайда болған. «Капитошка» инклюзивтік орталық басшысы Ирина Тишкина Азаттыққа:

Орысша жөнді сөйлей алмайтын оралмандар «балаларымызға қазақ тілінде көмек көрсетіп, сабақ оқыта алатын мамандар мен тәрбиешілер керек» деп бізге осыдан үш жыл бұрын келген болатын.

- Орысша жөнді сөйлей алмайтын оралмандар «балаларымызға қазақ тілінде көмек көрсетіп, сабақ оқыта алатын мамандар мен тәрбиешілер керек» деп бізге осыдан үш жыл бұрын келген болатын. Топты ақылы негізде ашып көрдік, бірақ ешкім келмеді, өйткені ондай отбасылардың материалдық жағдайы нашар. Келген адамдар топтың ақылы екенін естиді де, бұрылып кетіп қалады – жұртта ақша жоқ, - дейді.

Қазақ тілінде сабақ оқытатын топ Германияның Қазақстандағы елшілігі бөлген ақшаға жабдықталған. Жуырда елшілік топтағы спорт мүйісіне жұмсақ жабдықтар бөлуге уәде еткен. Бірақ мүгедек және дені сау балалар тегін оқи алатын топты ашуға бұл жеткіліксіз болған, өйткені жаңа мамандарға жалақы төлеу керек. Сондықтан инклюзивтік орталық 2016 жылы «Бүгінгі бақытты балалық шақ - ертеңгі әлеуетті Қазақстан» деген әлеуметтік идеялар мен жобалар конкурсына қатысып, конкурстық комиссия шешімімен жеңімпаз деп танылған. Конкурсты жеке меншік Қазақстанның тұңғыш президенті қоры ұйымдастырған.

Ирина Тишкинаның есебінше, жобаны қаржыландыруға бөлінген екі жарым миллиондай теңге небәрі сегіз ай жұмыс істеуге жетеді, бірақ ол «бұл ақша жоқ дегенде жұмыс бастап кетуге мүмкіндік береді ғой» дейді. Қазір топқа келетін балалардың тізімі құрылып жатыр. Орыс және қазақ тілінде сабақ оқытатын екі топқа 25 баладан қабылдау жоспарланған. Инклюзивтік орталық сегіз айда дамуында ауытқуы бар және дені сау 100 баланы қамтуы тиіс. Инклюзивті даму орталығы сияқты жұмыс істейтін өзге мекеме Теміртауда әзірше жоқ.

Теміртаудағы "Капитошка" инклюзивтік орталығының жетекшісі Ирина Тишкина.
Теміртаудағы "Капитошка" инклюзивтік орталығының жетекшісі Ирина Тишкина.

- Бұл - ерекше жәрдемге зәру балалар, сондықтан әзірше осынша бала қабылдаймыз. Келесі топты үш айдан кейін ашамыз. Балалар үш ай оңалту шараларынан өтеді. Үш ай, әрине, аз. Бірақ арнайы оңалту орталықтарының өзінде балаларды үш-ақ айға қабылдайды. Бірақ біз мұндай орталық қажет екенін көрсеткіміз келеді. Ал арғы жағын кейін көре жатармыз. Жұмысымыздың нәтижесін, балалардың дамуындағы ілгерілеуді көрсе біреулер көмектесетін шығар, тіпті билік те қарайласып қалар, - дейді Ирина Тишкина.

АУТИСТ БАЛАЛАРҒА ЕРЕКШЕ КӨҢІЛ БӨЛУ

Қазақ тобында екі тәрбиеші, психолог, дефектолог маман және музыка пәнін оқытатын мұғалім жұмыс істемек. Жекеменшік Тұңғыш президент қоры сегіз ай бойы осы мамандардың қызмет ақысын төлеп беруге келіскен. Мұнда балалар таңғы сағат сегізден кешкі беске дейін болады деп жоспарланған. Балалар инклюзивтік орталықта тегін оқиды, бірақ демеушілер табылмаса, жалға алған бөлмелердің ақысын (100 мың теңге) ата-аналардың төлеуіне тура келеді. Балаларды тамақтандыру мәселесін ата-аналар өздері шешуі тиіс - балалар тамағын үйден әкеледі немесе инклюзивтік орталық бөлмелерін жалға алған жеке меншік мектептің асханасында тамақтанады.

Ирина Тишкина биліктің көмегіне жүгініп, ақпарат жинауға, нақтырақ айтқанда мектепке дейінгі білім беру мекемесімен қамтылмаған 4-5 жасар балалар мен Даун синдромы, ақыл-естің жетілмей қалуы, аутизм, психикасы мен сөйлеу қабілеті тежелу, мидың резидуалдық-органикалық зақымдануы сияқты диагноздар қойылған 3-6 жастағы балалардың тізімін құру үшін көмек сұраған.

Теміртаудағы "Капитошка" инклюзивтік орталығында ойнап отырған балалар.
Теміртаудағы "Капитошка" инклюзивтік орталығында ойнап отырған балалар.

Тишкина «инклюзивтік білім орталығы аутизм диагнозы қойылған балаларға ерекше көңіл бөледі, өйткені мұндай диагнозды анықтау өте қиын» дейді. Оның айтуынша, аутизм дертіне шалдыққан баламен мамандар ертерек – үш жасқа толмай айналыса бастаса, бала ортаға тез бейімделіп, өзге балалардан онша ерекшеленбейтін болады. Өйткені төрт жастан кейін аутист баланы оңалту өте қиын. Сондықтан инклюзивтік орталықта ата-аналарға кеңес беріп, балалардың диагностикасын жүргізеді, емделу үшін мамандарға жолдама береді.

Теміртау қаласында 500-ге жуық мүгедек бала бар, оның жартысына жуығы -ДЦП (балалар сал ауруы) шалдыққан және ақыл-есі жетілмеген балалар.

XS
SM
MD
LG