Ақтөбедегі арнайы операция жүріп жатқан ауданнан бір сағат шамасында бірнеше атыс пен жарылыс үні естілді. Арнайы операция қаладағы Жанқожа батыр көшесі мен Некрасов көшесінің қиылысында орналасқан "Отрар" сауда үйі орналасқан көп қабатты үйде жүріп жатыр.
Азаттық тілшісі оқиға орнына жақын аумақ қоршауға алынғанын, аумақта беренді әскери көліктер, өрт сөндіру көліктері, қауіпсіздік күштерінің ондаған қызметкері, оның ішінде арнайы жасақ сарбаздары жүргенін айтады. Азаттық тілшісі "Отрар" дүкені орналасқан үйдің екінші қабатындағы пәтерлердің бірінен адамның аяғын байқаған.
Азаттық тілшісі бір топ журналист арнайы операциядан біраз қашықта тұрғанын айтады. Полиция қызметкерлері бірнеше журналисті бүгінгі оқиғадан түсірген суреттері мен видеоларын өшіртіп тастаған.
Ақтөбедегі 5 маусымдағы шабуылдарға күдіктілерді ұстау операциясы 10 маусымға қараған түннен жүріп жатыр. Әзірге қаза тапқандар мен жараланғандар туралы мәлімет жоқ.
Азаттыққа ішкі істер министрлігі мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінен арнайы операцияға қатысты ресми мәлімет алу мүмкін болмай тұр.