Семейде Шәкәрім атындағы университеттің ғалымдары Ертіс өзенінде сібір бекіресін қайта көбейтуге талаптанып жатыр. Жергілікті баспасөздің хабарлауынша, «Балық – өзен байлығы» атты акция аясында бекіренің Ертіс аймағында өсуі, қоректенуі мен бейімделуін зерттеген ғалымдар аталған балықтың 15-ін өзенге жіберген. Ал қалған 35-і жергілікті шаруашылықтар тоғандарына жіберіліп, олардың табиғи ортада ары қарай өсіп-жетілуі ғалымдар мен облыстық балық инспекциясының бақылауында болмақ.
Қазақстанда табиғи ортада саны күрт азайып кеткен бекіре балығын елдегі өзен-көлдерден аулауға қазіргі кезде тыйым салынған. Балықты өсіріп, көбейту жолдарын зерттеген семейлік мамандар сібір бекіресінің жас шабақтарын екі айлық кезінен екі жасқа жеткенше тұйық сулы жасанды тоғандарда ұстап, зерттеумен айналысты деп хабарлайды «Интерфакс-Казахстан» агенттігіне Шәкәрім атындағы университеттің баспасөз қызметі.