Ресей тергеу комитеті Киров облысының губернаторы Никита Белыхқа «аса ірі көлемде пара алмақ болған» деген айып тақты. Комитеттің оны тұтқынға алуды сұрап жазған өтініші бүгін Мәскеу сотында қаралмақ.
«Тергеу болжамы бойынша, Никита Белых жеке өзі және делдал арқылы жалпы сомасы 400 мың еуро (24,1 миллион рубль) болатын аса ірі көлемдегі пара алған «Нововятск шаңғы комбинаты» акционерлік қоғамы мен «Орман шаруашылығы басқару компаниясы» жауапкершілігі шектеулі қоғамына бақылау жүргізетін пара берушінің пайдасына іс-әрекет етпекші болған» делінген тергеу комитеті мәлімдемесінде.
Никита Белыхты жұма күні Мәскеуде ұстаған. Сол күні Киров облыстық әкімшілігі кеңсесінде тінту жүргізілген. Ресей тергеу комитетінің ресми өкілі Владимир Маркин Белыхтың үстінен қылмыстық іс қозғалғанын хабарлаған.
Белых өзіне тағылған айыптарды мойындамайтынын мәлімдеген.
Никита Белыхты 2009 жылы сол кездегі Ресей президенті Дмитрий Медведев Киров облысы басшысы қызметіне тағайындаған. Оның алдында Белых «Союз правых сил» партиясының жетекшісі болған. 2014 жылы Никита Белых Киров облысы губернаторы болып қайта сайланған.