Сәрсенбі күні Азия биржаларында сауда басталысымен ағылшын фунты соңғы 31 жылдағы ең төмен деңгейіне түсті деп хабарлады ВВС.
Ұлыбритания азаматтары көпшілік дауыспен Еуропа Одағы құрамынан шығу туралы шешім қабылдаған соң алаңдаушылық күшейіп отырған кезде фунт стерлингтің АҚШ валютасына шаққандағы бағамы 1,2961 долларды құраған.
Сонымен бірге АҚШ, Австралия және Жапония үкіметтерінің он жылдық облигацияларының табыстылық көрсеткіші рекордтық деңгейге төмендеген, бұған себеп – Еуропада тұрақсыздық белгілері байқалысымен инвесторлар «қауіпсіз» санаған аталған облигацияларды жаппай сатып ала бастаған.
Сұраныстың жоғары болуы облигация бағасын қымбаттатып, соның салдарынан оның табыс көрсеткіші төмендеген.
Бұған дейін британдық инвестиция қорлары ел экономикасының болашағына сенімі азайған өз клиенттері ақшаларын түгел әкетіп жатқаны туралы мәлімдеген еді.