Алматыдағы ішкі істер бөлімі мен ҰҚК департаментіне шабуылдарды бір адам жасады деп хабарлады қалалық терроризммен күрес жедел штабының ресми өкілі Салтанат Әзірбекке сілтеме жасаған ҚазАқпарат агенттігі.
Әзірбектің айтуынша, шабуылға күдікті адам ұсталып, қамауға алынған. Қазір басқа күдіктілер тексеріліп жатыр.
Ол соңғы мәлімет бойынша шабуылдан бес адам - үш полицей мен екі бейбіт тұрғын мерт болғанын айтады. Қаза тапқан тұрғындар - такси қызметін атқарған көлік жүргізушісі мен оның көлігінде болған жолаушы әйел. Жеті адам жараланған.
Алматыда бүгін түске дейін Алмалы аудандық ішкі істер бөлімі (ІІБ) мен ҰҚК департаментіне белгісіз адам шабуыл жасаған. Алғашқы мәліметте шабуылды белгісіз қарулы адамдар жасаған болуы мүмкін екені айтылған.
Шабуылды қарулы топ емес, бір адам жасаған болуы мүмкін дегенді бүгін ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов та мәлімдеген. Астанада өткен Қауіпсіздік кеңесінің шұғыл жиынында Қасымов президент Нұрсұлтан Назарбаевқа күдікті әуелі ІІБ бөлімінің постында тұрған полицейді тапаншамен атып, автоматын тартып алғанын, сол жерде бірнеше оқ атқанын айтты. Бұдан соң сол маңда "жеңіл көлікті тоқтатқан ол көлік жүргізушісін ҰҚК департаментіне баруға мәжбүрлеп, департаментте патруль көлігіне оқ атқан".
Жұмақановтың сөзінше, бұл жерден шыққан ол үшінші мекенжайға барғанда полициямен атысып, ұсталған. ҰҚК басшысы жеңіл көлік жүргізушісі де ұсталып, шабуылға қатысы бар-жоғы анықталып жатқанын айтады.
Ресми мәлімет бойынша, шабуылдардан үш полицей мен екі бейбіт тұрғын қаза тауып, жеті адам жараланған.