Павлодар облысында Орталық-Шығыс автожолын салып жатқан жұмысшылар жалақыларын тьөлеуді талап етеді деп хабарлайды Азаттық тілшісі. Жұмысшылардың айтуынша, 450 адамның жалақы алмағанына үш ай болған. Қызылорда - Павлодар - Успенка - Ресей шекарасы жолының 25 километрге созылатын бөлігіндегі қайта қалпына келтіру жұмыстары толық тоқтап қалған. Жұмысшылардың көпшілігі тарқап, қалғандары жалақысын күтіп вагондарда тұрып жатыр.
- Барлық жұмысшыда отбасы, несиесі бар, балаларын мектепке даярлау керек. Павлодарда құрылыс мерзімі қысқа, жұмыс тоқтап тұрғанына бір жарым ай болды. Я жұмысты жалғастыра алмай, я жалақы ала алмай отырмыз, - дейді Азаттыққа механик Николай Лаптев.
Жолдың бұл бөлігіндегі жұмысты "НК ҚазАвтожол" компаниясының тапсырысымен "Автодорсервис" фирмасы атқарып жатыр. Жұмысшылардың сөзінше, фирма жетекшілері өзара соттасып жүр.
- Ақша есепшотта жатыр, бірақ ол бұғауланған. Бізге жеткен ақпар бойынша, құрылтайшылар бір-бірімен келісе алмай жатыр, ал біз бұл жағдайдан зардап шегіп отырмыз, - деді Николай Лаптев.
Жұмысшыларға келген "Автодорсервис" фирмасының өкілі Талғат Төлебаев "НК ҚазАвтожол" мердігерлермен толықтай есеп айырысқанын, жұмысшыларға жалақы төлеу мәселесі осы аптада шешілуі мүмкін екенін айтты.
- "Автодорсервистің" бас директоры мен біздің құрылтайшылардың кездесуінен жақсы хабар күтеміз,- деді Талғат Төлебаев.
Орталық-Шығыс автожолы құрылысының жобасы 40 миллиард теңгені құрайды. Жоспар бойынша, жол Астана, Павлодар, Семей және Өскеменді жалғауы тиіс. Нысан биыл 16 желтоқсанда пайдалануға беріледі деп жоспарланған.