Армения соты ресейлік сарбаз Валерий Пермяковты армян отбасының жеті адамын өлтірді деп айыптап, өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын кесті.
Арменияның солтүстік-батысындағы Гюмри қалалық соты 23 тамызда шығарған үкімінде Ресей сарбазының жазасын қай жерде өтейтінін нақтылаған жоқ.
Бұған дейінгі сот процесінде кінәсін мойындаған Пермяков 19 тамыздағы соттың жарыссөзінде соңғы сөзін айту құқығынан бас тартқан.
Ресейдің Гюмри қаласына жақын әскери базасында қызмет еткен Пермяков 2015 жылы армян отбасының жеті адамын, оның ішінде екі баланы өлтірген соң әскери базадан қашып кеткен. Ол ұзамай Армения-Түркия шекарасында ұсталған.
2015 жылы тамызда Ресейдің әскери соты Пермяковты әскерден қашты, қару-жарақ ұрлады және оны заңсыз алып жүрді деп айыптап 10 жылға соттаған. Ресей бұдан соң оны Арменияға тапсырған.