Ресей қорғаныс министрлігі Сирияның Жерорта теңізі жағалауындағы Тартус базасына С-300 зенит-зымыран кешені орнатылғанын хабарлады.
Министрліктің мәлімдеуіне қарағанда, кешен "әскери-теңіз базасы мен осы аудандағы ресейлік әскерилердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін" орнатылған. Ұзақ радиуста әрекет ететін зенит-зымыран кешені ұшақтар мен қанатты зымырандарды, баллистикалық зымырандарды қағып түсіре алады және әскери әрі ірі индустриалдық нысандарды қорғау арналған.
Ресей қорғаныс министрлігінің өкілі генерал-майор Игорь Конашенковтың мәлімдеуінше, С-300 осы аудандағы "Мәскеу" зымыран крейсеріне орнатылған жүйені толықтырады.
АҚШ Ресейдің Сирияда жаңа қару-жарақ орнатқанын сынады. Ақ үй мен мемлекеттік департамент өкілдері "Ресейдің бұл аймақтағы әскери міндеті - террористік топтармен күрес екенін, бірақ террористік топтардың бір де бірінде әуе шабуылын жасау мүмкіндігі жоғын" мәлімдеді.
"Ресейліктер біз коалицияның және өзіміздің ұшқыштарымыздың қауіпсіздігіне қатты мән беретінімізді түсінуі тиіс" деді Пентагон өкілі Питер Кук.
Ресей 2015 жылы Сирияға С-400 зенит-зымыран кешені мен жақын радиуста әрекет ететін "Панцирь" кешенін орналастырған.