АҚШ үкіметі осы елдегі президент сайлауы науқаны барысында Демократиялық партиясына жасалған хакерлік шабуылдарға қатысы бар деп Ресейді ресми түрде айыптады.
«Кибер-шабуылдардың ауқымы мен айқын саяси бағытын ескерсек, оларды ұйымдастыруға ресейлік жоғарғы билік өкілдерінің қатысы бар деген қорытынды жасауға болады» делінген жұма күні АҚШ ішкі қауіпсіздік департаменті мен Ұлттық барлау басқармасы директорының аппараты таратқан мәлімдемеде. Құжатта тікелей Ресей үкіметінің атына айыптау айтылмаған.
Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков бұл айыптауларды «далбаса» деп атаған. Бұған дейін Ресей президенті Владимир Путин Bloomberg агенттігіне сұхбатында Ресей хакерлік шабуылдармен «мемлекеттік деңгейде айналыспайды» деп мәлімдеген.
АҚШ ресми тұлғалары мен сарапшылар бірнеше рет Демократиялық партияның компьютерлік жүйесі мен оның мүшелерінің жеке дерек қорына бұзып кіру оқиғаларына жауапкершілікті ресейлік арнайы қызметпен байланысы бар сол елдің хакерлеріне артқан еді. Ол хакерлік шабуылдар АҚШ президенті сайлауына түсіп жатқан республикалық партияның кандидаты Дональд Трамптың саяси бәсекелесі демократтар кандидаты Хиллари Клинтонның сайлауалды науқанына кедергі қоюды мақсат етуі мүмкін деген болжам айтылған.
АҚШ-та кезекті президент сайлауы қарашаның 8-і күні өтеді.