Германия билігі экстремистік "Ислам мемлекеті" (ИМ) тобының Гамбургтегі жасөспірімге шабуыл жасағаны туралы мәлімдемесін тексеріп жатқанын хабарлады. ИМ-мен байланысы бар Amaq агенттігі "ИМ сарбазының" 16 қазанда Гамбургте 16 жастағы жасөспірімге шабуылдағанын хабарлаған.
16 қазанда Гамбургте белгісіз адам жасөспірімді бірнеше жерден пышақтап, салдарынан жасөспірім мерт болған. Онымен бірге болған 15 жастағы қыз аман қалған. Шабуыл жасаған адам қызды өзенге итеріп жіберген.
Германия прокуратурасының өкілі билік "мәлімдемені ескергенін" және "оның шындыққа қаншалықты сай екенін анықтау керегін" айтты. Гамбург полициясы 25-30 жас аралығындағы ер адам деп сипатталған, шабуыл жасады деген күдіктіні әлі іздеп жатыр.