Пәкістан билігі National Geographic журналында суреті басылған әйгілі "көкшіл көзді ауған қызы", бірнеше күн бұрын "алаяқтық жасады деген күдікпен ұстаған Шарбат Гулды кепілге босатпақ.
"Көкшіл көзді босқын бала" ретінде әлемге танылған Шәрбат Гүл 26 қазанда Пешавардың солтүстік батыс аймағында жалған құжатпен жүрді деп ұсталып, қамалған болатын. "Меніңше, ол әйел адам болғандықтан бұл жайтты қайта қарап, мәселенің гуманитарлық қырын ескеруіміз керек. Федералды тергеу агенттігі Шарбат Гулды мүмкіндігінше тезірек кепілақыға босатуы керек" деді Пәкістанның ішкі істер министрі Чаудри Нисар Али Хан 30 қазан күні.
"Егер біз оған қарсы айыпты алып, оны депортацияласақ немесе Пәкістаннан кетіп қалуы үшін уақытша виза берсек, онда оған жалған құжат жасап берген қызметкерлер үстінен қозғалған істерді де тоқтатуымыз керек болады. Нағыз кінәлілер солар және олар жауапкершіліктен құтылып кетпеуі керек" деді Нисар Али Хан.
Шарбат Гул бүкіл әлемге 1984 жылы әскери фотограф Стив МакКарридің түсірген суреті журналдың мұқабасына басылған соң танылған. 2002 жылы МакКарри оны Ауғанстаннан қайта тауып, кездескен.
Жақында Пәкістан билігі елде тұрып жатқан тіркеусіз ауған босқындарын қыспаққа алған. БҰҰ дерегінше, Пәкістанда 1,4 миллионға жуық ауған босқыны тіркелген.