Мәжіліс депутаты Қуаныш Сұлтановтың айтуынша, Астана атауын "Нұрсұлтан" немесе "Назарбаев" деп өзгертуге болады. Ол 23 қарашада өткен парламенттің бірлескен жиынында Астана атауына президент Назарбаевтың есімін біріктіру идеясын ұсынған.
Ақпарат агенттіктерінің жазуынша, отырыстан кейін журналистерге сұхбат берген Сұлтанов Астана атауын өзгерту ұсынысы арнайы талқыланатынын айтқан.
Сұлтановтың ойынша, егер Астана атауын өзгерту туралы шешім қабылданса, оған кететін шығын "елдің дамуына, ұлттық сана, мемлекеттілік және тарихтың қалыпталуына жұмсалады".
Сұлтановтың ұсынысын басқа да депутаттар қолдады. Мәулен Әшімбаев бұл идеяны "дұрыс әрі маңызды" деп бағалады. Ал Зағипа Балиева Астана атауын "Назарбаев" деп өзгертуді, Бақытгүл Хаменова "Елбасы" деген атауды құптайтынын айтты. Сенат депутаты Михаил Бортник "Астана-Елбасы" деген атауды ұсынды.