Берлинде жаңа жыл базарына жүк көлігінің соғылуынан қаза тапқандар мен жараланғандар арасында қазақстандықтар бары туралы ақпарат жоқ деп хабарлады Азаттыққа Қазақстан сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Әнуар Жайнақов. Ол министрлік қазір Берлиндегі оқиғадан зардап шеккендер арасында қазақстандықтардың бар-жоғын тексеріп жатқанын айтты.
Ал инвестиция және даму министрлігінің туризм индустриясы департаменті Германиядағы Қазақстан азаматтарын сақтық шараларын орындауға, абай болуға және халық көп жиналатын жерлерге бармауға кеңес берді.
Берлинде 19 желтоқсан күні кешке жүк көлігі қаладағы жаңа жыл базарының біріне барып соғылып, кем дегенде тоғыз адамды жаншып өлтірген.
Полиция Twitter парақшасында жариялаған мәліметке сәйкес шабуыл кезінде көптеген адам жараланған. Шабуыл Берлиннің батыс бөлігіндегі Kaiser Wilhelm шіркеуінің маңындағы базарға жасалған.
Berliner Morgenpost басылымының хабарлауынша, оқиғадан 50-ге жуық адам жараланған. Berliner Zeitung газеті жүк көлігі базарға соғылар алдында жолдан шығып кеткенін жазды.
Полиция бір адамның қамауға алынғанын хабарлады, бірақ одан өзге мәлімет бермеді. Ресми өкіл N24 телеарнасына берген сұхбатында жүргізушінің қасындағы адам жүк көлігі соғылған кезде қаза тапты деген.
Әзірге бұл әрекеттің я кездейсоқ апат екені, я қасақана жасалған шабуыл екені белгісіз. Кейбір германиялық БАҚ полицияға сілтеме жасап, бұл әрекеттің шабуылға ұқсайтынын хабарлады.