Бүгін Ресейде әскери Ту-154 ұшағының апатына байланысты бүкілхалықтық қаралы күн деп жарияланды.
25 желтоқсанда Сочи аэродромынан Мәскеу уақытымен таңғы сағат 5.20-да ұшып шыққан 8 экипаж мүшесі мен 84 жолаушысы бар ұшақ әуеге көтерілген соң көп ұзамай радардан жоғалып кеткен. Жолаушылар арасында ресейлік әскери қызметкерлер, Сириядағы "Хмеймим" әуе базасындағы Ресей әуе-ғарыш күштері тобын жаңа жыл мерекесімен құттықтауға бара жатқан Александров атындағы ән-би әскери ансамблі мүшелері және ресейлік тоғыз журналист болған.
Мерт болғандардың арасында "Әділетті көмек" қорының жетекшісі, танымал дәрігер Елизавета Глинка да бар.
"Россия-24" арнасының хабарлауынша, ұшақ апатына техникалық ақау, экипаждың қателігі, сапасыз жанармай және теракт себеп болуы мүмкін. Қазір апатқа байланысты тексеру жүріп жатыр.
Қазақстан сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев апатқа байланысты Ресей халқына көңіл айтты.