Ресей парламентінің жоғарғы палатасы отбасындағы зорлық-зомбылықтың кейбір түрлерін дене жарақатын салмаған жағдайда қылмыстық кодекстен шығарып, оларды әкімшілік құқық бұзушылық санатына енгізетін заң жобасын мақұлдады. Заң жобасы баласына қол жұмсайтын ата-аналар мен жұбайына қол көтеретін ерлі-зайыптыларға қатысты.
Заң жобасы бойынша егер ұрып-соққаннан денсаулығына қауіп төнсе немесе зорлық-зомбылық қайталанса онда қылмыстық кодекстің баптары қолданылады. Бірақ мұндай қылмыстар бірінші рет жасалса және денсаулығына зақым келтірмесе онда 30 мың рубльге дейін айыппұл салынады, 15 тәулікке қамалады немесе 120 сағат еңбекпен түзеу жұмыстарына салынады.
Заңға енгізілген түзетулерді жақтайтындар мемлекеттің отбасы мәселесіне жөнсіз килігуінен осылай бас тартуға болады деп санайды. Ресей мемлекеттік думасы құжатты өткен аптада мақұлдаған. Енді оған Ресей президенті Владимир Путин қол қоюы тиіс. Путин бұған дейін бұл заң жобасына қолдау білдірген.