Accessibility links

Ақтөбедегі еңбек жәрмеңкесінде 800-ден аса жұмыс орнын ұсынды


Ақтөбедегі бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне келген азаматтар. 16 ақпан 2017 эыл.
Ақтөбедегі бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне келген азаматтар. 16 ақпан 2017 эыл.

16 ақпанда Ақтөбеде бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өтті. Мыңдаған адам қатысқан бұл жәрмеңкеге ресми түрде тіркеуге алынған 892 жұмыссыздың барлығы шақырылған. Жәрмеңке жергілікті уақытпен сағат 10-да басталды. Сағат тоғыздан өте бере жәрмеңке өтіп жатқан "Нұр Отан" партиясының ғимаратына кісі қарасы сыймай кетті.

Ақтөбе қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Найля Бөртебаеваның Азаттыққа айтуына қарағанда, жәрмеңкеге келгендердің барлығы бірдей жұмыссыздар емес.

- Араларында қазіргі жұмысы ұнамай жүргендер, жалақысын азсынатындар, жеке көлігімен кісі тасып, үйінен нан пісіріп сататындар, бір сөзбен айтқанда, өзін-өзі қамтамасыз ететіндер өте көп, - дейді Бөртебаева.

Ақтөбедегі жұмыспен қамту орталығының директоры Гүлшат Қаңтарбаеваның айтуынша, бұл жолғы жәрмеңкеге 72 мекеменің өкілі қатысып отыр. Олар білім, денсаулық сақтау, құрылыс, халыққа қызмет көрсету салаларына 800-ден астам маман іздейді.

Ақтөбедегі жұмыспен қамту орталығының директоры Гүлшат Қаңтарбаева (сол жақта) мен қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бастығы Найля Бөртебаева. 16 ақпан 2017 жыл.
Ақтөбедегі жұмыспен қамту орталығының директоры Гүлшат Қаңтарбаева (сол жақта) мен қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бастығы Найля Бөртебаева. 16 ақпан 2017 жыл.

Ақтөбеде 2016 жылы осындай он жәрмеңке өткен. Жәрмеңкені ұйымдастырушылар былтыр 680 ақтөбелікке жұмыс тауып бергендерін айтады. Дегенмен, Ақтөбедегі жұмыссыздық көрсеткіші өзгермеген. Былтырғы деңгейде. Мұның себебін сұраған Азаттық тілшісіне Найля Бөртебаева жұмыссыздық түбегейлі жойылып кетпесе де, былтырғы көрсеткішті ұстап отырудың өзін "үлкен жетістік" деп атады.

- Бұл жолғы жәрмеңкеде жұмыссыз жастар мәселесіне көп мән берілмек. Өйткені, тәжірбиелі маманға жұмыс табу аса қиын емес. Ал бұрын-соңды еш жерде жұмыс істемеген қыз-жігіттерге қиындау. Сондықтан біз бүгін жастарға қайта даярлау курстарынан өтуді ұсындық. Қоғамдық жұмыстарға да тартқымыз келеді, одан бөлек жастар тәжірибесінен өтуді де ұсынып көрмекшіміз, - дейді жұмыспен қамту орталығының директоры Гүлшат Қаңтарбаева.

Ақтөбеде жастар мен жұмыссыздық мәселесіне былтыр бесінші маусымдағы қарулы шабуылдан соң айрықша мән беріле бастады. Шабуылдан соң жергілікті билік таратқан ақпаратқа қарағанда, "қолына қару алған азаматтардың тоқсан пайызы жұмыссыз" болған.

XS
SM
MD
LG