Оңтүстік Қазақстан облысында 2016 жылы терроризм ісі бойынша екі оқушы сотталды деп мәлімдеді бүгін Шымкентте өткен брифингте облыстың кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Серікбай Төлепбергенов. Сот төрағасы бұл туралы брифингте Азаттық тілшісінің сұрағына жауабында айтты.
Оның сөзінше, 2016 жылы қаралған екі қылмыстық іс бойынша Шымкент қаласының 15 жастағы тұрғыны, оқушы қыз "жиһад жасауға үгіттеді" деген айыппен 5 жылға, Қазығұрт ауданының 16 жастағы "А" есімді тұрғыны "терроризмді насихаттады" деген айыппен облыстың 6 жылға, сотталған. Төлепбергеновтің айтуынша, Қазығұрт ауданының тұрғыны "діни топтарға кіруге, жиһад жасауға үгіттеген, әлеуметтік желілер арқылы достарына діни үгіт-насихат материалдарын таратқан". Ол оқушының "әкесі де осы бап бойныша сотталғанын", "туыстары Сирияға кеткенін" айтады.
Төлепбергенов әдетте соттар кәмелеттік жасқа толмағандарға жаза тағайындауда көбіне жеңілдік жасауға тырысатынын, бірақ терроризм айыбымен сотқа тартылғандарға жаза қатаң болатынын, жеңіл я шартты жаза кесілмейтінін айтты.