Өткен жылы маусымда АҚШ президентінің ұлы кіші Дональд Трамп пен ресейлік адвокат Наталья Весельницкаяның кездесуіне бұрын советтік қарсы барлау офицері болған Ринат Ахметшин де қатысқан. АҚШ-қа қоныс аударған оның қос азаматтығы бар деп хабарлады америкалық бірқатар баспасөз құралдары.
Ринат Ахметшиннің есімін қуғындағы қазақ оппозициясының жетекшісі Әкежан Қажыгелдинмен байланыстырады деп жазады британдық ВВС медиакорпорациясы. 2011 жылы ақпарат құралдары Ахметшин туралы Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен оның шетелге қашқан күйеу баласы Рахат Әлиевтің арасындағы жанжалға байланысты жазған. Ол кезде Ахметшин Қажыгелдиннің бұрынғы оққағары Петр Афанасенконың мүддесін қорғап лоббилік қызмет көрсеткен. Афанасенко өзінің қамауда азапталуына және 2000 жылы қолдан жасалған айып бойынша тұтқындалуына Рахат Әлиевтің қатысы бар деп, оны айыптаған. 2001 жылы түрмеден босап шыққаннан кейін Бельгияға қоныс аударған Афанасенко арада он жыл өткенде Қазақстан президенті мен оның бұрынғы күйеу баласы арасындағы дау-дамайға араласқан кейіпкерлердің біріне айналды деп жазады ВВС.
Associated Press агенттігі қазіргі АҚШ президентінің ұлы кіші Дональд Трамп пен күйеу баласы Джаред Кушнер және Трамптың сайлау штабын басқарған Пол Манафортпен ресейлік адвокат Весельницкаяның кездесуіне сол кезде Ринат Ахметшин де қатысқан тәрізді деп хабарлайды. 2016 жылдың ортасында "Сергей Магнитский заңының" (Ресейде адам құқықтарын бұзғандарға қарсы санкция салатын) күшін жоюға атсалысушы лобби ретінде Ахметшиннің Весельницкаямен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істегені мәлім. Дәл сол кезде Ахметшин Весельницкаяға жұмыс істеуді бастаған деп хабарлады шілденің 10-ы күні Financial Times басылымы.
Азат Еуропа / Азаттық радиосы Ринат Ахметшинге бұрыннан белгілі мекен-жайы мен байланыс телефондары арқылы хабарласуға тырысқанымен, онымен тілдесудің сәті түспеді. Тек Весельницкая өкілі бізбен байланысқа шықты, алайда ол адвокаттың қолы босамайтыны және Ахметшин туралы хабарламаларға байланысты комментарий бермейтіні туралы мәлімдеді.
Бұған дейін Ринат Ахметшин журналистермен әңгіме барысында совет қарсы барлауында қызмет атқарғаны туралы айтқан, бірақ өткен жылы біздің медиакорпорацияға сұхбатында ол сөзін жоққа шығарған.
NBC-ің хабарлауынша, кіші Трамптың адвокаты Алан Фьютерфас клиентінің бұрынғы советтік қарсы барлау қызметкерімен кездескені туралы дерек, аталған адамның өзі мұны жоққа шығаратындықтан, әлі басы ашық күйі қалып отыр. Сонымен бірге Фьютерфас Весельницкаямен бірге кездесуде болған адам оның досы ретінде таныстырылғаны және "Наталья ағылшын тіліне жетік болмағандықтан" аудармашының да ролін атқарғанын растаған. Кіші Трампен кездесуінде аудармашы болғанын Весельницкаяның өзі де жоққа шығармаған, бірақ оның кім екенін нақтыламаған.
Америкалық Эн-би-си телекомпаниясы кіші Трамппен кездесуге осындай адамның қатысуына АҚШ конгресінің барлау жөніндегі комитеті мен арнайы прокурор Роберт Мюллер назар салуы қажет деп санайды. Арнайы прокурор 2016 жылғы АҚШ президенті сайлауына Ресейдің араласуын тергеуді басқарады. Жұма күні Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Кремль Ринат Ахметшин есімді адам жайлы ештеңе білмейді деп мәлімдеген.
Кушнер мен Манафорттың өкілдері Ахметшин туралы ақпаратқа комментарий беруден бас тартты.
Шілденің 11-і күні кіші Трамп көпшілікке жариялаған электронды хаттарда оған Весельницкаяның қолында АҚШ президенті сайлауына демократиялық партиядан ұсынылған кандидат Хиллари Клинтон жайлы әшкерелейтін материал бар деп хабарлаған соң ол ресейлік заңгермен кездесуге келіскені баяндалған.
АҚШ президенті Дональд Трамп пен ұлы аталған кездесуден ешқандай әбестік санамайтындары туралы мәлімдеген.