Accessibility links

Ақтөбеде ақша дауына іліккен экс-шенеунік жаңа қызметінен кетті


Алмат Ермағамбетовтің облыстық денсаулық сақтау департаментіне қарсы шағымы бойынша сотқа қатысушылар судьяның шешімін тыңдап тұр. Ақтөбе, 14 ақпан 2017 жыл. (Көрнекі сурет)
Алмат Ермағамбетовтің облыстық денсаулық сақтау департаментіне қарсы шағымы бойынша сотқа қатысушылар судьяның шешімін тыңдап тұр. Ақтөбе, 14 ақпан 2017 жыл. (Көрнекі сурет)

Ақтөбеде "балаларын ақшамен оқуға түсірмек болғаны үшін" былтыр желтоқсанда жұмыстан қуылған облыстық денсаулық сақтау департаментінің экс-шенеунігі Алмат Ермағамбетов көпсалалы Aktobe medical center ауруxанасының клиникалық-диагностикалық орталығы директорының орынбасары қызметінде небәрі үш күн отырып, өз еркімен қызметінен кетті. Бұл туралы Азаттыққа Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Әсет Қалиев хабарлады.

"Алмат Ермағамбетов арнайы курстан өтіп, дәрігерлік сертификат алмақ. Алдағы уақытта қарапайым дәрігер болады " дейді ол.

Соңғы жылдары басшылық қызметте болған Алмат Ермағамбетов бұрын реаниматолог-анестезиолог болып еңбек еткен.

Экс-шенеунік Алмат Ермағамбетов «үлкен қызын Назарбаев университетіне, ортаншы қызын Ақтөбедегі Назарбаев зияткерлік мектебіне түсіруге көмектесуге уәде еткен адамға 2016 жылы ақпанда 20 мың АҚШ долларын беріп, алданып қалғанын» айтқан. Ол ақша алған адамның үстінен құқық қорғау органдарына шағым түсіргенін де хабарлаған.

2016 жылы қарашада Ақтөбеде облыстық прокуратураның кеңейтілген алқа отырысында Алмат Ермағамбетовтің оқиғасын сөз еткен облыс әкімі Бердібек Сапарбаев «заң бойынша пара алушымен бірге оны беруші де жауапқа тартылатынын» айтқан. «Бұл оқиғаны әдеп кеңесінде қарап, жаза қолдану керек, содан кейін онымен тиісті органдар айналыссын» деп мәлімдеген облыс әкімі.

Әкім мәлімдемесіне дейін Ақтөбе облыстық әдеп кеңесі Алмат Ермағамбетовті «мемлекеттік қызметші этикасын бұзғаны» үшін жұмыстан шығару туралы облыстық денсаулық сақтау департаментіне ұсыныс жолдаған. 2016 жылы желтоқсанда облыстық денсаулық сақтау департаменті Алмат Ермағамбетовті қызметтен босату туралы бұйрық шығарған. Ермағамбетов 2017 жылғы қаңтарда «жұмыстан заңсыз қуылғанымен» келіспейтінін айтып, сотқа шағым түсірген. Сот оның шағымын қанағаттандырмай тастаған.

Алмат Ермағамбетов 2014 жылдың қаңтар айынан 2016 жылғы желтоқсанға дейін Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау департаменті басшысының орынбасары қызметін атқарған.

XS
SM
MD
LG