Алматы қалалық соты "Иегова куәгерлерінің христиандық орталығы" діни ұйымының апелляциялық шағымын қанағаттандырмай тастады. Діни ұйым 29 маусымда өзінің қызметін тоқтату туралы шешім шығарған Алматының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының шешімімен келіспей, апелляциялық шағым берген. Әкімшілік сот "Иегова куәгерлерінің христиандық орталығы" орналасқан ғимаратты қауіпсіздік шарттарына сәйкес емес деп танып, " 680 мың теңге айыппұл да салған.
Жұмаға қараған түні аяқталған сот отырысында Алматы қалалық сотының азаматтық істер бойынша апелляциялық алқасының судьясы Жеңіс Кәрібаев 3 тамызда алғашқы сот инстанциясының шешімін тұтастай алғанда өзгеріссіз қалдыру, ал діни ұйымның шағымын қанағаттандырмау туралы шешім шығарды.
Судья Кәрібаев өз шешімімен діни ұйым орналасқан ғимараттың қызметі ғана тоқтатылатынын, полиция ғимарат антитеррорлық қауіпсіздік тұрғысынан жеткілікті жабдықталмаған деп танығанын айтты. Діни ұйым қызметін жалғастыра береді, бірақ үш айға жабылған ғимаратта көп адам болып құлшылық жасауға болмайды.
Бұл жолы апелляциялық сотта куәгер ретінде Алматы қалалық ішкі істер департаментінің терроризмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Мәулен Қасымжан мен Олжас Ысқақов жауап берді. Олар діни ұйым кеңсесінде 5 маусымда жүргізілген тексеріс қорытындысын қорғап сөйледі.
Апелляциялық сотқа Наурызбай аудандық ішкі істер басқармасының учаскелік инспекторы Нұрбол Пірімбетов осымен екінші рет келмей қалды. Судьяның айтуынша, майор Пірімбетов демалыста болғандықтан сотқа қатыса алмайды. Өткен сот отырысында Кәрібаев Пірімбетов келесі сотқа шақырылатынын, өз еркімен келмесе күшпен алғызатынын мәлімдеген еді. Бұл жолы сотта судья 5 маусымдағы тексеріске қатысқан өзге полиция қызметкерлерінен жауап алынғандықтан Пірімбетовтің сотқа келуі міндетті емесін айтты.
Діни бірлестіктің адвокаттары Лев Гладышев, Станислав Ли мен Шейн Брейди (Канададан) сот бұлай өтсе "сотқа қатысы жоқ өзге куәгерлер" жауап беріп кететінін айтты. Бірақ судья Кәрібаева куәгерлер құрамына қатысты қабылдаған шешімінен айнымайтынын білдірді.
Тараптардың жарыссөзінде прокурор Серік Қожахметов алғашқы сот инстанциясының шешімін негізді деп білетінін айтып, судьядан оны өзгертпеуді сұрады.
Ал қорғаушы тарап жауап алынған куәгерлердің айтқандары іске дәлел бола алмайтынын, себебі олар ұйым кеңсесін тексерушілер тізіміне өз аты-жөндерін өз бетімен тіркеп қойғандарын, сондықтан олардың тексеруге қатысуы да заңсыз екенін мәлімдеді. Адвокаттардың сөзінше, негізгі куәгер ретінде сөйлеуі тиіс, тексеріске қатысқан заңды және маңызды адам Нұрбол Пірімбетовтен жауап алынған жоқ.
Адвокаттар алғашқы сот инстанциясының шешімі Қазақстан қол қойып, өзін демократиялық ел ретінде көрсеткен Азаматтық және саяси құқықтар жөніндегі халықаралық пактіні бұзатынын айтты. Олар апелляциялық соттан өздері жасаған бірнеше ұсыныстың бірін таңдауды сұрады. Адвокаттар судьяға алғашқы сот инстанциясының шешімін жоюды немесе сот өндірісін тоқтатуды, я алғашқы сот инстанциясының діни ұйым қызметін тоқтату туралы шешімін оны антитеррорлық қауіпсіздік тұрғысынан кемшіліктер табылған нысандарға ғана қатысты болатындай етіп өзгертуді ұсынды.
Діни ұйымның сайтында Қазақстандағы оқиғалар Ресей билігінің діни ұйымдарды қорқытып-үркіту саясаты мен діни төзімсіздігін еске салатыны жазылған. Ресейде бұл ұйымды Жоғарғы сот экстремистік деп танып, жауып тастаған.