Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев 17 тамызда осы елде ресми сапармен жүрген Қазақстанның қорғаныс министрі Сәкен Жасұзақовты қабылдады деп хабарлайды Uzbekistan 24 агенттігі.
Кездесу барысында екі ел арасындағы әскери-техникалық ынтымақтастық мәселелері талқыланған. Атап айтқанда, тараптар Өзбекстан мен Қазақстанның қорғаныс министрлігінің өндіріс кооперациясы мен әскери кадр дайындауда өзара іс-қимылдарын тиімді дамытуды талқылаған.
Министр Сәкен Жасұзақов өзін "жылы қабылдағаны үшін" Өзбекстан президентіне ілтипатын білдіріп, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың сәлемін жолдаған.
Министр Қазақстан мен Өзбекстан арасында әскери-техникалық қарым-қатынастың дамуына мүдделі екенін, әрі бірлесіп жұмыс істеуге дайын екенін білдірген.