Accessibility links

Жанболат Мамай: Қоғамдық мәселемен айналыса беремін


Сот үкімі жарияланғаннан кейін қамаудан босаған Жанболат Мамай (ортада) өзін қолдаушылармен бірге тұр. Алматы, 7 қыркүйек 2017 жыл.
Сот үкімі жарияланғаннан кейін қамаудан босаған Жанболат Мамай (ортада) өзін қолдаушылармен бірге тұр. Алматы, 7 қыркүйек 2017 жыл.

Алматыда сот шешімімен қамаудан босатылған журналист, "Трибуна. Саяси қалам" газетінің редакторы Жанболат Мамай "журналистік кәсібіне тыйым салынса да, қоғамдық қызметпен айналыса беретінін" мәлімдеді.

Алматының Медеу аудандық 2-соты бүгін Жанболат Мамайды Қылмыстық кодекстің193-бабының 3-тармағы бойынша "қылмыстық жолмен табылған қаржыны заңдастырды" деп айыптап, үш жылға бас бостандығын шектеу туралы үкім шығарған. Судья Жанболат Мамайдың дүние-мүлкін тәркілеуге үкім етіп, үш жыл журналистік қызметпен айналысу құқығынан айырған.

Сот залынан босап шыққан Жанболат Мамай сыртта журналистерге сұхбат берді. Ол соттың өзіне "мұндай шешім шығарады деп күтпегенін", бас бостандығынан айыруы мүмкін деп ойлағанын айтты.

"Прокурордың өткенде шартты жаза сұрайтынын да күтпедім. Киімдерім, басқа да заттарым өзім отырған түрмеде қалды. Егер босап шығатынымды білгенде барлығын алып келетін едім" деді Мамай.

Ол "Сот үкіміне апелляциялық шағым бересіз бе?" деген сұраққа "Мұндай шешім шығарады деп күткен жоқпын. Сондықтан әлі ойланамыз, көрерміз. Қазір нақты ештеңе айта алмаймын. Біраз тынығып алайын, алда арнайы баспасөз конференциясын өткіземін" деді.

Жанболат Мамай сот журналистік қызметіне тыйым салғанымен, қоғамдық іспен айналысуыма, белсенділігіне шектеу қоймағанын айтып, "қоғамдық қызметпен бұрынғыдай айналыса беретінін" жеткізді.

Жанболат Мамайды ақпанның 10-ы күні ұстаған сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы оған "БТА банктен" Мұхтар Әблязовтің кезінде ұрланған ақшаның бір бөлігінің ізін "Трибуна. Саяси қалам" газеті арқылы қаржылық операциялар жасап жасырған" деген айып таққан. Ол содан бері жеті айға жуық қамауда отырған.

ВИДЕО: Жанболат Мамайдың сотынан тікелей трансляция:

XS
SM
MD
LG