Қырғызстан сыртқы істер министрлігі Бішкектегі Қазақстанның уақытша сенім жүктелген өкілі Рымтай Кәріпжановты шақыртып, нота тапсырған деп хабарлайды Азаттықтың Қырғыз қызметі.
Бішкек осының қарсаңында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қырғызстан президенттігіне кандидаттардың бірімен кездесіп, алдағы сайлау туралы айтқан сөзі түсініспеушілік тудырғанын жеткізген.
"Достық қатынастағы Қазақстан басшысының Қырғызстанның ішкі ісіне араласпайтыны туралы мәлімдемесіне қарамастан, оның сөзі Қазақстан тарабының болашақ президентке қатысты басымдығын айқын білдіреді. Осылайша, қырғыз тарабы аталған сөзді, сонымен бірге Қазақстан жағының бұл кездесу жайлы кеңінен жариялауын Қырғызстан халқының таңдауына ықпал етуге және Қырғызстанның ішкі ісіне араласуға тырысу деп бағалайды", - делінген нотада.
Қыркүйектің 19-ы күні Қазақстан президентінің ресми сайты Назарбаевтың Алматыда Қырғыз президенттігіне кандидат, Қырғызстан парламентіндегі "Республика – Ата Жұрт" фракциясының жетекшісі Өмірбек Бабановпен кездескені туралы ақпарат жариялаған. Ресми хабарламада кездесудің қашан болғаны көрсетілмеген.
Назарбаевтың кандидат Бабановпен кездесуіне қатысты Қырғызстанның орталық сайлау комиссиясының өкілі Абдыжапар Бекматов сейсенбі күні Азаттыққа "комиссия ол кездесудің сайлауалды үгіт-насихатпен байланысы бар-жоғын зерттеген соң бағасын береді" деп хабарлаған.
Қырғызстанда биыл қазанның 15-і күні өтетін президент сайлауына ресми тіркелген 13 кандидат бар.