Қырғызстан премьер-министрі Сапар Исаков "Ресейдің тағы бір әскери базасын орналастыру" туралы РИА «Новости» агенттігіне мәлімдеген.
Журналист интервью кезінде «қырғыз президенті Алмазбек Атамбаев бұрынырақта тәжік-қырғыз шекарасына Ресей әскери базасын орналастыру жайлы мәлімдегенін" айта келіп, Исаковтан Ресеймен арадағы келіссөздер жайын сұраған.
– Бұл мәселе жайлы тиісті министрліктер арасында консультациялар өткізілді. Қырғыз жағы тек Қырғызстанның емес, жалпы аймақтың қауіпсіздігін нығайту үшін оңтүстікте әскери база орналастыру керек деп санайды. Бірақ әзірге екі тарап та бір шешімге келмеді. Келіссөздер жүргізіліп жатыр, – деген Сапар Исаков.
Қырғызстан халқы ассамблеясы төрағасы, қауіпсіздік бойынша вице-премьер Токон Мамытов Ресейдің тағы бір әскери базасын орналастыру жайында "Қанттағы Ресей базасынан бөлек, тағы әскери база орналастыру мәселесі кейінгі 10 жылда қайта-қайта көтеріліп келе жатқанын, бұл мәселенің Ауғанстандағы жағдаймен, терроризм қаупімен байланысты айтылып отырғанын" баяндап:
– 2007–2008 жылдары Ауғанстандағы жағдай ушыққан кезде мәселені қырғыз тарапы көтерген болатын. Ол кезде Ресейден әскери сарапшылар келіп, база орналасады деген жерді көріп кеткен. Онан кейін, 2012 жылы, мәселе тағы қозғалды. Бірақ Ресейдің қаржы жағынан, басқа да мәселелерден қиналуына байланысты процесс тоқтап қалған. Негізінен біз үшін базаның Ауғанстанға жақын Ош немесе Баткен облысында орналасқаны жақсы болар еді. "Ислам мемлекеті" террорлық ұйымы "Талибанмен" келісіп, Ауғанстанға өтуді, Ферғана жазығына шабуылдауды жоспарлап отыр, - деді.
Қырғызстанның экс-депутаты, бұрынғы қорғаныс министрі Исмаил Исаков Ресейдің тағы бір базасын орналастыру жайының бұрыннан талқыланып келе жатқанын растайды. Ол премьер-министрді сынап, Сапар Исаковтың қоғам мен сарапшылар пікірін ескермей отырғанын айтады.
– Аймақ қауіпсіздігі үшін деп Баткен облысында тағы бір әскери база ашудың қажеті шамалы. Біз ол жерде қандай елмен шектесіп жатқанымызды ойлау керек. Қосымша тағы бір база орналастыру жайы бұрыннан талқыланып келеді. Бұрынғы президент Құрманбек Бакиев туған күнін Ыстықкөл жағасында тойлап, сол кездегі Ресей президенті Дмитрий Медведевпен тағы бір база ашу туралы меморандумға қол қойған. Кейіннен мәселенің біршама қырларын зерттегеннен кейін процесс тоқтап қалды. Меніңше, бір саяси күштер бұл мәселені қайта көтергісі келеді. Біздің сөзіміз қазір солардың сойылын соғу болып кетуі мүмкін. ҰҚШҰ (Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымын айтады - ред.) аясында орналасқан бір база бар, - дейді Исмаил Исаков.
Исаков Қырғызстанда қазанның 15-і президент сайлауы өтетінін ескертті. Оның пікірінше, осы сайлаудың жеңімпазы ішкі және сыртқы саясаттың негізгі бағыттарын анықтайды.
– Бұл мәселе бойынша жаңа президенттің позициясы қандай болады? Президент орнына қазіргі премьер келетін сияқты. Кім келсе де әуелі парламент пікірін ескеріп барып сөйлеуі керек. Халық та "биліктегілер Қырғызстанды жеке меншігіндей көреді, ойларына не келсе соны істейді" деп ойлайды, - дейді Исмаил Исаков.
Ресми Бішкектің тағы Ресей әскери базасын орналастыру туралы мәлімдемесі ел егемендігі туралы пікірталасты күшейткен еді. Шекара қызметінің бұрынғы төрағасы Құрманақұн Матеновтің пікірінше, Қырғызстан ішкі және сыртқы қауіптерді қайта таразылап, әуелі өзінің қарулы күштерін күшейтуі керек.
– Ауғанстандағы жағдай қаншалықты қауіпті екенін зерттеу керек. Ауғанстанмен арада Тәжікстан жатыр. Ауғанстанмен тікелей шектесіп жатқанымыз жоқ. Тәжікстанда Ресейдің ірі әскери базасы тұр. Қосымша база орналастыру туралы айтпас бұрын ішкі және сыртқы қауіптерді тиянақты зерттеу керек. Ең бастысы, мемлекет тәуелсіздігі туралы ойлау керек. Әскери база орналастыру жайы қалай болсын тәуелсіздік туралы талқыны тудырады. Бөтен әскерді әкеліп, өзіміздікін таратып жіберейік пе? Бірінші кезекте біз өз әскерімізді күшейтуіміз керек, - дейді Матенов.
Қырғызстанда тағы бір Ресей базасын орналастыру жайын президент Алмазбек Атамбаев та Ресейге мемлекеттік сапары кезінде айтқан. Ресейдегі отандастарымен кездесуі кезінде Атамбаев терроризмге тоқсауыл қою үшін Мәскеумен әскери база туралы сөйлескенін мәлімдеген.
– Ресейліктерге бұл туралы бұрыннан айтылып келеді. Мен біздің Қант базасын кеңейтуге және күшейтуге рұқсат етпейтінімізді ашық айттым. Егер база салсақ, Тәжікстанмен шекарадан салайық дедім. Өйткені, шынымен бірдеме болып кетуі мүмкін. Тәжікстанның жағдайы не болады? Бізге кіріп кетпеу үшін қымтану керек, - деген еді Атамбаев.
Ал мұның алдында Бішкекке келген кезінде Ресей президенті Владимир Путин базаның қырғыз тарапының 1999-2000 жылдары білдірген өтінішімен орналастырылғанын мәлімдеген. Путин тіпті қырғыз тарапы талап кеткен жағдайда Ресейдің Қант базасын жабуға дайын екенін білдірген.
– Қырғызстан Ауғанстан шекарасын бұзып шыққан халықаралық террористердің шабуылына ұшыраған шақта қырғыз билігі олармен тиімді түрде күресу үшін тікелей менің өзіме әскери контингентті, әсіресе әуелі авиацияны әкелу туралы өтініш жасады. Егер күндердің күнінде Қырғызстан әскерімізді күшейттік, енді бізге базаның қажеті жоқ десе, сол күні-ақ шығып кетуге даярмыз, - деген еді Путин.
Қырғызстанда бұрын АҚШ-тың транзиттік тасымал орталығы болған еді. Үш жыл бұрын Бішкек келісімді ұзартпай, ол орталық жабылған. Президент Алмазбек Атамбаев ол шешімнің дұрыс болғанын жиі айтады.
Азаттықтың Қырғыз редакциясының мақаласы орыс тілінен аударылды.