Теміртаудағы "АрселорМитталТеміртау" компаниясының кәсіпорнында газ тұтанып, салдарынан алты адам жараланды. Компания баспасөз қызметінің хабарлауынша, төтенше оқиға 12 қазан күні жұмысшылар №1 газ құбырында жұмыс істеп жатқанда болған.
Газ цехының төрт жұмысшысы, кокс цехының бір жұмысшысы мен газдан құтқару қызметінің бір жұмысшысы зардап шеккен. Жараланғандар Теміртаудағы орталық аурухананың интенсивті терапия блогына, үшеуі Қарағанды облыстық Мақажанов атындағы травматология және ортопедия орталығының күйік бөліміне жатқызылған.
Компания бұл факт бойынша тергеу жүргізіліп жатқанын айтады.