Accessibility links

Ресей Сирияда химиялық қару қолданғанын тексеруге тағы қарсы болды


Идлиб провинциясындағы ықтимал химиялық шабуылдан жапа шеккен бала. Сирия, 4 сәуір 2017 жыл.
Идлиб провинциясындағы ықтимал химиялық шабуылдан жапа шеккен бала. Сирия, 4 сәуір 2017 жыл.

Ресей БҰҰ қауіпсіздік кеңесінде Сирияда химиялық қару қолданылғанын тексеруге тағы да қарсылық білдірді. Мәскеудің қарсылығынан БҰҰ мен Химиялық қаруға тыйым салу жөніндегі халықаралық ұйымның (OPCW) бірлескен миссиясы Сирияда химиялық қару қолдану оқиғасын тексеру жұмыстарын тоқтатуға мәжбүр болды. Оның өкілеттілігінің мерзімі бүгін таңертең аяқталды.

Жапония ұсынған қарар жобасы бойынша, БҰҰ жетекшілік еткен бірлескен миссия сарапшыларының Сириядағы жұмыстарын тағы 30 күнге жалғастыру қарастырылған болатын. Бірақ Ресей тағы да вето қойды. Сирияда азамат соғысы басталғалы бері Ресей осымен 11 рет БҰҰ қауіпсіздік кеңесінде вето қою құқығын пайдаланды. Вашингтон Мәскеуді химиялық шабуыл құрбаны болған адамдардың өмірін елемей отыр деп, вето қоюын айыптаған. Ресей билігі "шабуылды тексеру дұрыс жүргізілмеді, Сирия үкіметін әділетсіз айыптады" деп мәлімдеген.

Ресей бұдан бір тәулік бұрын АҚШ делегациясы енгізген, келісілмеген басқа мәтінге де қарсы болған. Мәскеу 24 қазанда Вашингтон ұсынған тағы бір қарар жобасына қарсы вето қойған. Ал тексеру комиссиясының жұмысына өзгерістер енгізуді көздейтін Ресейдің өзі дайындап ұсынған қарар жобасы бейсенбіде Қауіпсіздік кеңесінде қажетті дауыс жинай алмаған.

Ресей ұйым сарапшыларының таяуда жасаған тұжырымына разы емес. Сарапшылар биыл 4 сәуірде Сирияның солтүстігіндегі Хан-Шейхун қаласы маңында болған операцияда адамның жүйке жүйесін зақымдайтын зарин газын "Сирия үкіметінің армиясы қолданғаны" туралы мәлімдеген. Аталған улы газдан 90-нан астам бейбіт адам қаза тапқан.

Ресейдің ұстанымына Вашингтон мен оның одақтастары тарапынан қатты сын айтылды. БҰҰ жанындағы АҚШ-тың тұрақты өкілі Никки Хейлидің сөзінше, "Мәскеу соғыс қылмысы саналатын уландыратын зат қолдануға іс жүзінде жол ашып отыр".

БҰҰ-дағы Ресейдің тұрақты өкілі Василий Небензя БҰҰ қауіпсіздігі кеңесі отырысында АҚШ-ты Сириядағы соғыс қылмыстарын тексеру мәселесінде барлығына тең тұрғыда қарамай отыр деп айыптаған. Кейін ол журналистерге OPCW есебі "принциптік кемшіліктерге толы" және "күлкілі" болды деп мәлімеген.

XS
SM
MD
LG